Бельгия Сенатында екіжақты ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды

Бельгия Сенатында екіжақты ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды

БРЮССЕЛЬ, 2021 жылғы 14 қазан – Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі Марғұлан Баймұхан Бельгия Сенатының төрайымы Стефани Д’Оузпен екіжақты және парламенттік ынтымақтастық бағытындағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады.

Қазақстандық дипломат Бельгия Сенатының спикеріне Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар, сондай-ақ  Елбасы Н.Назарбаевтың халықаралық бастамалары туралы ақпарат берді.

Партияаралық ынтымақтастықтың перспективаларын талқылай отырып, Қазақстан Елшісі Д’Оузты партияның мерейтойымен құттықтады: биыл Бельгияның ең көне саяси партияларының бірі «Фламанд ашық либералдары мен демократтары» (Open Vld) өзінің 175 жылдық мерейтойын атап өтуде.

«Open Vld» партиясының өкілі Д’Оуз екі ел арасындағы парламентаралық байланыстардың оң динамикасын атап өтті. Оның пікірінше, Қазақстан Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулиннің Бельгия парламенті екі палатасының спикерлерімен 2021 жылдың қыркүйегінде Венада өткен үшжақты кездесуі парламентаралық диалогқа қосымша серпін берді. Парламентаралық дипломатия шеңберінде 2021 жылдың қазанында екі парламенттің Халықаралық істер жөніндегі комитет төрайымыларының Брюссельдегі кездесу, сондай-ақ парламенттік достық топтары деңгейіндегі тұрақты байланыстар атап өтілді.

Экономикалық ынтымақтастық аясында тараптар Қазақстан экономикасына Бельгиядан тікелей инвестициялардың өсу динамикасын (соңғы 15 жылда 9 млрд. АҚШ долл. астам) атап өтті, сондай-ақ 2021 жылы қарашада AWEX және FIT инвестициялық агенттіктерінің қолдауымен жоспарланған Бельгия кәсіпкерлерінің Қазақстанға алдағы іскерлік миссиясын қолдады.

Тараптар, сонымен қатар, халықты вакцинациялау аясында Қазақстан мен Бельгияда жүргізіліп жатқан іс-шаралар туралы пікір алмасты. Елші М.Баймухан бельгиялық спикерге қазақстандық «QazVac» вакцинасын өндіру мен дистрибуция туралы ақпаратты кеңінен ұсынды.

Көпжақты бағытта аймақтық қауіпсіздік мәселелері, Ауғанстандағы жағдай, сондай-ақ Қазақстанның аймақтық мәселелерді шешуде рөлі, атап айтқанда, БҰҰ-ның Ауғанстанға көмек көрсету жөніндегі миссиясын (UNAMA) Алматыға уақытша орналастыру және т.б. мәселелер талқыланды. Сонымен қатар, қазақстандық Елші 2021 жылғы 11 қазанда Брюссельде өткен «Қазақстан Республикасы - Еуропалық Одақ» Парламенттік ынтымақтастық комитетінің 18-ші отырысының нәтижелері туралы айтып берді.

Стефани Д’Оуз 1831 жылдан бері Бельгия Сенатының ең жас төраймы болып есептеледі. Ол 39 жасында Бельгия Корольдігі жоғарғы палатасының спикері болып тағайындалды. Бельгия Сенатында 60 сенатор бар.