
Брюссель, 2021 жылғы 11 қазан - ҚР Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан "Әйелдер – саяси көшбасшылар" (Women Political Leaders) халықаралық ұйымының президенті Сильвана Кох-Мехринмен кездесті.
Кездесуде А.Құспан "Women Political Leaders" халықаралық ұйымының Президентіне ұйымның Қазақстандағы Елшісі қызметіне тағайындалғаны үшін алғысын білдірді. Кездесу барысында тараптар гендерлік теңгерімге қол жеткізу және әйелдердің саяси, экономикалық және әлеуметтік өмірге белсенді қатысуы үшін тең мүмкіндіктер жасау мәселелері бойынша пікір алмасты. А.Құспан елімізде гендерлік бағдарланған кадр саясаты жүргізіліп жатқанын, барлық деңгейлерде қызмет бойынша жоғарылату үшін тең бастапқы мүмкіндіктер жасалғанын атап өтті. Сондай-ақ, қазақстандық депутат Қазақстанда ұлттық ерекшеліктерді ескере отырып, халықаралық тәжірибеге негізделген және гендерлік теңдікке қол жеткізуге, әйелдер мен қыздардың мүмкіндіктерін кеңейтуге және құқықтарын қорғауға бағытталған гендерлік саясаттың өзіндік моделі қалыптасқанын атап өтті.
"Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы 1 қыркүйектегі "Халық бірлігі және жүйелі реформалар-елдің өркендеуінің берік негізі" атты Қазақстан халқына Жолдауында әйелдердің қоғамдағы экономикалық және саяси ұстанымдарын барынша қолдауды қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті. Бүгінгі таңда әйелдер шешім қабылдаудың жоғары деңгейінде – Парламент депутаттары, Үкімет мүшелері, Конституциялық Кеңес және Орталық сайлау комиссиясы, өңірлер әкімдерінің орынбасарлары лауазымдарында және Мемлекеттік басқарудың барлық сатыларында ұсынылған", - деді ол.
Өз кезегінде "Әйелдер – саяси көшбасшылар" халықаралық ұйымының президенті Сильвана Кох-Мехрин өз ұйымының ағымдағы жобалары туралы ақпарат беріп, "Women Political Leaders" пен Қазақстан арасындағы байланыстардың маңыздылығын атап өтті. Кездесу барысында Президент Кох-Мехрин қазақстандық парламентарийді ағымдағы жылғы 8-10 қарашада Исландияда өтетін Көшбасшы әйелдер - 2021 Жаһандық форумына (Reykjavík Global Forum – Women Leaders 2021) қатысуға шақырды.
Ол әйелдердің ел мен өңір өмірінің саяси, экономикалық және әлеуметтік салаларындағы рөлін нығайтудағы қолдауы әйелдердің өңірдегі қауіпсіздікті, даму мен бейбітшілікті қамтамасыз ету бағытындағы мүмкіндіктерін іске асыруға көмектесетінін атап өтті. Сондай-ақ, С.Кох-Мехрин гендерлік саясаттың қазақстандық моделі өңірдің басқа елдері үшін үлгі бола алатынын атап өтті.
Тараптар "Women Political Leaders" шеңберінде белсенді ынтымақтастық және гендерлік теңдік және әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері бойынша өзекті ақпарат алмасу туралы уағдаласты.