ҚР Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы «Women Political Leaders» ұйымының Қазақстандағы елшісі болып тағайындалды

ҚР Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы «Women Political Leaders» ұйымының Қазақстандағы елшісі болып тағайындалды

ҚР Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан «Әйелдер – саяси көшбасшылар» халықаралық ұйымының (Women Political Leaders) Қазақстан Республикасындағы елшісі болып тағайындалды. «Women Political Leaders» Айгүл Құспанның атына осы тағайындауды растайтын арнайы куәлік берді.

А.Құспанның «Women Political Leaders» халықаралық ұйымының елшісі ретіндегі кандидатурасы оның сіңірген еңбегі мен Қазақстан Парламентіндегі белсенді қызметін ескере отырып бекітілді.

Қазақстанның Бельгиядағы Елшілігінің көмегімен Қазақстандағы әйелдер құқығын қорғау және гендерлік теңдікті ілгерілету саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылау үшін А.Құспан мен WPL Президенті С. Кох-Мехриннің кездесуін ұйымдастыру жоспарлануда. Бұл бастама Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы әйелдердің қоғамдағы экономикалық және саяси ұстанымын барынша қолдауды қамтамасыз ету туралы ережелерінің бірін іске асыруға бағытталған.

«Women Political Leaders» - штаб-пәтерлері Бельгия мен Исландияда орналасқан, әйелдердің мүмкіндіктерін барынша іске асыру бойынша қызмет атқарып жатырған тәуелсіз, халықаралық партиясыз қор. Ұйымның қызметі басшылық лауазымдардағы әйелдердің санын арттыруға және халықаралық проблемаларды шешу мен жаһандық деңгейде ортақ мүдделерге қол жеткізу үшін олардың ықпалын кеңейтуге бағытталған. WPL 2013 жылы неміс саясаткері және Еркін демократиялық партиясынан сайланған бұрынғы Еуропалық Парламенттің мүшесі Сильвана Кох-Мехрин құрған. WPL көрнекті саяси көшбасшылар мен азаматтық қоғам, жеке сектор, халықаралық институттар мен әлем елдерінің ғылыми топтарының беделді тұлғаларының кең қолдауына ие. Аталған ұйымның құрамына саяси лауазымдарды атқаратын әйелдер, яғни мемлекет, үкімет басшылары, парламент мүшелері және министрлер кіреді.