
БРЮССЕЛЬ, 2021 жылғы 10 қыркүйек – Қазақстан Республикасының Бельгиядағы Елшілігінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өту аясында Еуропалық Парламент, Еуропалық комиссия, Еуропалық сыртқы іс-қимылдар қызметі, сондай-ақ Бельгия мен Люксембургтің үкіметтік мекемелері мен іскер топтары өкілдерінің қатысуымен дәстүрлі достық қабылдау өтті.
Іс-шара Еуропалық Парламенттегі «Қазақстан Республикасы-Еуропалық Одақ» достық тобының қолдауымен өткізілді.
Өзінің құттықтау сөзінде Қазақстан Елшісі Марғұлан Баймұхан Еуроодақтың негізгі институттарымен және ЕО-ға мүше мемлекеттермен ынтымақтастықтың жоғары динамикасын атап өтті. ЕО ҚР маңызды сауда-инвестициялық серіктестерінің бірі болып табылатыны атап өтілді. Ол ҚР-ЕО Кеңейтілген әріптестігі мен ынтымақтастығы туралы келісімнің негізгі ережелерін, сондай-ақ ЕО-ның Орталық Азия және Еуропа мен Азия арасындағы өзара байланыс жөніндегі стратегияларын сапалы іске асырудың маңыздылығын ерекше атап өтті.
М.Баймұхан ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейтіп, қазіргі Қазақстанның табыс тарихының бір бөлігіне айналған Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап біздің еліміздің белсенді өзара іс-қимылы мен қолдауы үшін еуропалық әріптестерге алғысын білдірді.
Сондай-ақ, ол іс-шара қонақтарын ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар - ел өркендеуінің берік негізі» жыл сайынғы Жолдауының басты тезистері туралы хабардар етті. Мемлекет басшысының елдің саяси жүйесін кезең-кезеңімен жаңғырту және адам құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру жөніндегі бастамалары ерекше қызығушылық тудырды.
Сонымен қатар, қабылдау қатысушыларына ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен Семей ядролық полигоны жабылуының 30 жылдығына және Қазақстанның туристік орындарына арналған арнайы фотокөрмелер ұсынылды. Абайдың француз және Нидерланд тілдеріндегі «Қара сөздері» кітабы сыйға тартылды, сондай-ақ еліміздің ағымдағы саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы анықтамалық материалдар таратылды.
Іс-шара қонақтары сондай-ақ қазақ халық әндерінің кәсіби орындалуына куә болды және дәстүрлі тағамдардан дәм татты.