Қазақстан Елшісі НАТО Бас хатшысына сенім грамоталарын табыстады

Қазақстан Елшісі НАТО Бас хатшысына сенім грамоталарын табыстады

БРЮССЕЛЬ, 2021 жылғы 9 қыркүйек – Солтүстік Атлантикалық Шарт Ұйымы (НАТО) жанындағы Қазақстанның Өкілі Марғұлан Баймұхан НАТО-ның Бас хатшысы Йенс Столтенбергке сенім грамоталарын тапсырды.

Ресми рәсімнен кейінгі кездесу барысында тараптар Қазақстанның НАТО-мен ынтымақтастығының қазіргі жағдайы мен перспективаларын, сондай-ақ халықаралық және өңірлік қауіпсіздіктің өзекті мәселелерін талқылады. Сондай-ақ, «Бір серіктес - бір жоспар» тұжырымдамасы аясында ҚР мен НАТО арасындағы 2022-2025 жылдарға арналған жаңа Бейімделген серіктестік бағдарламасына байланысты мәселелер қозғалды. Бұдан бөлек, тараптар Ауғанстандағы жағдай және ауған халқына гуманитарлық көмек көрсету жөніндегі ықтимал шаралар туралы пікір алмасты.

Қазақстандық дипломат НАТО-ның Бас хатшысына Қазақстанның халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға қосқан үлесі туралы, атап айтқанда, «БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күштері» (UNIFIL) миссиясына қатысу үшін Қазақстанның бітімгершілік ротасының 120 әскери қызметшісін Ливанға жіберу туралы айтып берді.