
БРЮССЕЛЬ, 2021 жылғы 25 тамыз – Қазақстан мен Бельгия арасында дипломатиялық қарым-қатынастар орнатылған күні экзекватура және Қазақстанның Валлон Брабант провинциясындағы Құрметті консулы патентін беру рәсімі өтті.
Қазақстанның жаңа Құрметті консулы Анна Сусарова заңгер, «Праволекс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі заң фирмасының негізін ортақ қалаушысы болып табылады және Бельгиядағы шетелдік азаматтарды құқықтық сүйемелдеу мен қолдау бойынша маманданған.
Сонымен қатар, А.Сусарова Монс университетінің құқықтану профессоры. Ол Валонияның Сауда палатасының жұмысына, экономикалық ынтымақтастықты дамытуға, сондай-ақ Қазақстан мен Бельгия арасындағы кәсіпкерлікті қолдау мәселелеріне белсенді қатысады.
Қазақстан Елшісі Марғұлан Баймұхан сауда-экономикалық және мәдени ынтымақтастықтың тиімді құралы болып табылатын Құрметті консулдар институтының маңыздылығын атап өтті.
А.Сусарова Қазақстан мен Бельгия басшылығының көрсеткен сенімі үшін алғысын білдіріп, Қазақстан-Бельгия қарым-қатынастарын нығайтуға бар күшін салатынына сендірді.
Қазақстанның жаңа Құрметті консулымен бірге ел экономикасына инвестиция тарту, қазақстандық экспортты ілгерілету, мәдени -гуманитарлық жобаларды жүзеге асыру жоспарлары талқыланды.
Бүгінгі күні Бельгия Корольдігінде әр аймақта орналасқан 4 құрметті консулдық қызмет етуде.