
Қазақстанның Брюссельдегі елшісі М.Баймұхан Еуропалық Одақтың Орталық Азия бойынша арнайы өкілі, фин дипломаты Терхи Хакалмен алғашқы ресми кездесу өткізді.
Кездесу барысында қазақстандық дипломат Қазақстанның еуропалық бағыттағы басымдықтарымен таныстырып, Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді, сондай-ақ сауда, көлік, экология және азаматтық қоғамды дамыту саласындағы өзара іс-қимылды қоса алғанда, ЕО-ның Орталық Азиядағы стратегиясын іске асыру туралы айтып берді. Тараптар Еуропалық Одақтың өзара байланыс стратегиясы («connectivity») шеңберінде белсенді ынтымақтастықты ілгерілету, 2021 жылы Орталық Азия – ЕО Азаматтық форумын Қазақстанда өткізу, Ауғанстандағы бейбіт дамуға қолдау көрсету, ОА - ЕО форматында жоғары деңгейдегі кездесулер және т. б. атап өтті.
Қазақстан Елшісі еуропалық институттарды Арал теңізі мен бұрынғы Семей ядролық полигоны аумағын қалпына келтіруге белсенді қатысуға шақырды.
Тараптар Қазақстанда жүріп жатқан саяси және экономикалық реформалар, халықты вакцинациялау барысы, сондай-ақ қазақстандық «QazVac» вакцинасын қолдану туралы пікір алмасты.
Еуропалық дипломат өңірдегі ЕО Стратегиясының жүзеге асуымен танысу үшін Орталық Азия елдеріне баруды, өзара тиімді жобаларды іске асыруға назар аудара отырып, ЕО мен ОА институттары арасындағы диалогты белсенді қолдауды жоспарлайтынын жеткізді.
Тараптар шекараларды басқаруға және өңірде есірткінің таралуын болдырмауға бағытталған BOMCA (Border Management Programme in Central Asia and Afghanistan) және CADAP (Central Asia Drug Action Programme) сияқты жобалардың тиімділігін атап өтті.
Анықтама: ЕО-ның Орталық Азия бойынша арнайы өкілі өз қызметінде ЕО-ның өңір елдерімен жан-жақты ынтымақтастығына басты назар аударады. Ынтымақтастық қауіпсіздік, заң үстемдігі, қоршаған орта, су ресурстары, климаттың өзгеруі, білім беру және адам құқықтары мен әйелдер жағдайы және т.б. салалардағы кең ауқымды мәселелерді қамтиды. Ол шетелде, соның ішінде Ресейде, Үндістанда және Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия мен Женевада жоғары дипломатиялық лауазымдарды атқарды. Тағайындалғанға дейін Финляндия Сыртқы істер министрлігінде елші болып жұмыс істеді.