
Қазақстанның Брюссельдегі елшісі Марғұлан Баймұхан Біріккен Ұлттар Ұйымының апаттар қаупін азайту жөніндегі басқармасының Өңірлік кеңсесінің басшысы Октавиан Бивольмен кездесті.
Брюссель қаласында орналасқан және 55 елді қамтитын осы кеңсенің атауы 2021 жылғы 1 маусымда ресми түрде «БҰҰ апаттар қаупін азайту жөніндегі басқармасының Еуропа және Орталық Азия бойынша өңірлік кеңсесі» болып өзгертілді.
Кездесу барысында О.Биволь бұл қайта құру өңір елдерінің зілзала қаупін азайту бойынша жұмыс апаттарды басқарудағы және елдің дамуын қамтамасыз етудегі маңызды міндет екендігін түсінуінің және осыған басым назар аударуының нәтижесі екенін атап өтті. Қазақстан 2015-2030 жж. арналған апаттар қаупін төмендету бойынша БҰҰ Сендай бағдарламасының белсенді қатысушысы болып табылады.
Аталған халықаралық ұйым апаттар қаупін азайту бойынша ҚР Төтенше жағдайлар министрлігімен (ҚР ТЖМ) белсенді ынтымақтастық жүргізуді көздейді. БҰҰ-ның апаттар қаупін азайту жөніндегі басқармасының басымдықтарына апаттар қаупін талдау, ұлттық және өңірлік стратегиялардың дамуына ықпалдастық ету, жергілікті халықты табиғи апаттар қаупіне әзірлеу, сондай-ақ осы саладағы жобаларды қаржыландыру кіреді.
Кездесу барысында О. Биволь БҰҰ-ның 2015-2030 жылдарға арналған апаттар қаупін азайту жөніндегі Сендай негіздемелік бағдарламасы шеңберінде ҚР ТЖМ-мен ынтымақтастықты жоғары бағалады.
Қазіргі кезде, ҚР ТЖМ БҰҰ басқармасымен бірлестікте әлемнің 80-нен астам елінде қолданылатын, «DesInventar-Sendai» табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан келетін залал туралы деректерді жинақтау жүйесін енгізуде.
Өз кезегінде, Елші М.Баймұхан Қазақстан БҰҰ басқармасымен апаттар қаупін азайтудың өңірлік стратегиясын және апаттар кезіндегі шығындарды есепке алудың ұлттық жүйелерін әзірлеу, апаттар қаупін төмендету бойынша тұрғындар арасында өзара іс-қимыл жүйесін қалыптастыру бағытында, сондай-ақ Алматы қаласындағы төтенше жағдайлар және дүлей апаттар қаупін азайту жөніндегі орталықтың қызметі аясында ынтымақтастық жүргізетінін атап өтті.
Сонымен қатар, кездесу барысында тараптар қазақстандық делегацияның 2021 жылғы қарашада Португалияда өтетін Апаттар қаупін азайту жөніндегі Еуропалық форумға қатысуын талқылады.