
БРЮССЕЛЬ, 2021 жылғы 27 мамыр – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин Бельгия Корольдігі Федералдық Парламенті Өкілдер Палатасының Төрағасы Элиан Тильёмен бейнеконференция арқылы келіссөздер өткізді, онлайн жүздесу барысында тараптар Қазақстан-Бельгия ынтымақтастығының қазіргі ахуалы мен перспективаларын, сондай-ақ екі ел арасындағы парламентаралық диалогты нығайту мәселелерін талқылады.
Н.Нығматулин Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан-Бельгия қатынастарын қалыптастырудағы тарихи рөлі, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған саяси реформалар туралы, сондай-ақ мемлекет пен қоғам арасындағы диалогты кеңейту саласындағы қазақстандық заңнаманы жетілдіру туралы айтты.
Өз кезегінде, бельгиялық саясаткер әйелдердің саяси өмірдегі маңызды рөлін атап өтіп, қазақстандық парламентте әйелдер санының артуын қошеметтеді. Э.Тильёнің айтуынша, «Қазақстан бірқатар артықшылықтарға ие жас, қарқынды ел болып табылады».
Экономикалық дамуды заңнамалық қолдау аясында тараптар энергетика, жаңартылатын энергия, технологиялар мен инновациялар, ғылым мен білім беру салаларындағы ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады. Сондай-ақ, Парламент спикерлері экономиканы әртараптандыру, инвестицияларды көбейту мәселелерін талқылады. Бельгия қазірдің өзінде Қазақстан экономикасындағы ірі инвесторлардың бірі болып табылады: бельгиялық компаниялардың үлесіне Қазақстанға 9 млрд. АҚШ доллары көлемінде тікелей инвестиция келеді.
Денсаулық сақтау саласындағы тиімді өзара әрекеттесу сұхбаттың бөлек тақырыбы болды. Бельгиялық спикер Қазақстанның Covid-19-қа қарсы күрестегі халықаралық қауымдастықтың күш-жігеріне қосқан маңызды үлесін жоғары бағалап, қазақстандық QazVac вакцинасының шығаруын атап өтті. Сондай-ақ, фармацевтика саласындағы, атап айтқанда Қазақстан нарығында жұмыс істейтін бельгиялық биофармацевтикалық компанияларымен ынтымақтастықты жандандыру ұсынылды.
Қазақстан-Бельгия парламентаралық диалогын екі ел арасындағы жан-жақты ынтымақтастық пен өзара сенімділіктің маңызды құрамдас бөлігі ретінде кеңейту шеңберінде спикерлер ынтымақтастық топтары және мамандандырылған комитеттер арасындағы тиімді өзара іс-қимылдың болашағына сенім білдірді.
Кездесу соңында Қазақстан спикері бельгиялық әріптес Э.Тильёні Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.
Бельгия Қазақстанның маңызды саяси және экономикалық серіктесі болып табылады. 2005-2020 жылдарда Бельгияның Қазақстан экономикасына салған инвестициясының көлемі 8,9 млрд. АҚШ долларын құрады. 2020 жылы Қазақстан мен Бельгия арасындағы сауда көлемі 322 млн. АҚШ долларын құрады.
Элиан Тильё – Бельгия Парламенті тарихындағы төменгі палатаның төрайымы болып сайланған алғашқы әйел. Бұған дейін Өкілдер палатасын 51 ер адам басқарған.
Фото: Ж.Құспанова, ҚР Парламенті Мәжілісі