
Сенаттың Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы Нұржан Нұрсипатов бастаған Қазақстан Парламентінің делегациясы НАТО Парламенттік Ассамблеясының онлайн-сессиясына қатысуда. Сондай-ақ, делегация құрамына Мәжіліс депутаттары
Ерлік Тайжанов пен Артур Платонов кірді.
14-17 мамыр кезеңінде Брюссельде НАТО-ға мүше мемлекеттердің парламентшілері, сондай-ақ, әріптес елдердің депутаттары жаһандық қауіпсіздіктің негізгі мәселелерін талқыға салады. Олардың қатарында Альянстың басқа елдермен қарым-қатынастары, Ауғанстандағы НАТО күштерінің қысқаруы, Таяу Шығыстағы тұрақсыздық, пандемияның экономикалық зардаптары, НАТО-ның Азиядағы әріптестігі және басқа да бірқатар мәселелер бар.
Қазақстан Парламенті НАТО ПА-да байқаушы мәртебесіне ие, ал қазақстандық парламентшілердің Ассамблея жұмысына қатысуы қазіргі заманның өзекті мәселелері бойынша парламентаралық диалогты дамытуға ықпал етеді.