
БРЮССЕЛЬ, 2021 жылғы 10 мамыр – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Брюссельге сапары аясында Бельгияның «Tessenderlo Group» компаниясының бас директоры Люк Такпен кездесті.
Жүздесу барысында тараптар аграрлық сектор және жеңіл өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады. Бельгиялық кәсіпкер қазақстандық әріптестерді ауылшаруашылық және жеңіл өнеркәсіп саласындағы бельгиялық технологиялармен таныстыруға дайындығын білдірді.
Л.Тактың айтуы бойынша, Қазақстанның өз гауһар тасы бар – ол қазақстандық мақта, ал Бельгияда жаңа технологиялар бар, олар Қазақстанда табысты енгізілуі мүмкін. Осы орайда, Л.Так Қазақстанға келуге қызығушылық білдірді.
Министр М.Тілеуберді, өз тарапынан әңгімелесушіні Қазақстандағы инвестициялық преференциялар, Астана Халықаралық қаржы орталығының тетіктері, «Самұрық-Қазына» жобаларының жеке капиталына қатысу мүмкіндіктері, сондай-ақ шетелдік инвесторлар үшін еркін экономикалық аймақтар туралы хабардар етті.
Қазақстанның Бельгиядағы Елшілігі қазақстандық бизнес-делегация үшін желатин шығаратын «Tessenderlo Group» зауытына және Ипр қаласындағы тоқыма станоктарын шығаратын зауытқа баруды ұйымдастырды. Делегацияға желатин өндірісінің толық циклі көрсетілді, сондай-ақ тараптар бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады.
«Tessenderlo Group» тобы – ауыл шаруашылық саласына, био қалдықтардың құндылығын арттыруға және өндірістік шешімдерге бағытталған әртараптандырылған өнеркәсіптік топ. «Tessenderlo Group» өзінің желатин шығаратын «PB Leiner» зауыты бар, ол Бельгияда, АҚШ, Бразилияда, Ұлыбританияда, Германияда, Қытайда және т.б. елдерде жұмыс істейді.
Топтың 2020 жылғы кірісі 1,7 млрд. еуроны құрады.