
Брюссель, 2021 жылғы 11 мамыр – Қазақстан Республикасының Бельгия Корольдігіндегі Елшісі, Еуропалық Одақ жанындағы Тұрақты өкілі Марғұлан Баймұхан Еуропалық комиссияның Президенті Урсула фон дер Ляйенге сенім грамоталарын тапсырды.
Тапсыру рәсімінен кейін орын алған кездесудің барысында қазақстандық дипломат Еурокомиссия басшысына Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сәлемдемесі мен ізгі тілектерін жеткізді. Тараптар Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісім аясында Қазақстан мен ЕО арасындағы ынтымақтастықтың бірқатар мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, ең жоғары деңгейдегі саяси диалог, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық, жасыл экономика және қоршаған ортаны қорғау мәселелері, сондай-ақ COVID-19 салдарымен күрес қозғалды.
М.Баймұхан У. фон дер Ляйенді Қазақстан Үкіметінің коронавируспен күрес жөніндегі шаралары, атап айтқанда халықты вакцинациялау барысы және қазақстандық «QazVac» вакцинасы туралы хабардар етті. Сондай-ақ, қазақстандық дипломат Еуропалық дәрілік заттар агенттігімен ынтымақтастық орнатылып жатқанын атап өтті. Еурокомиссия Президенті бұл жаңалықты үлкен қанағаттанушылықпен қабылдады.