
2021 жылғы 10 қаңтарда Бельгия Корольдігінде жергілікті уақытпен сағат 07:00-де Бельгия Корольдігіндегі Қазақстан Республикасының Елшілігінің ғимаратында №241 сайлау учаскесі ашылды.
Сайлау учаскесінің жұмысы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен ашылып, сайлау комиссиясы мүшелерінің сайлау заңнамасына сәйкес процедураларды орындауымен жалғасты.
Сайлау учаскесі сайлауға қатысушы бес саяси партия туралы қажетті ақпараттармен жабдықталған стендтермен қамтамасыз етілген. Бұдан бұрын Орталық сайлау комиссиясы Мәжіліс сайлауына бес саяси партия және 312 кандидат тіркелгенін жеткізген. Атап айтқанда,
Қазақстандағы парламенттік сайлау COVID-19 пандемиясы жағдайында өтіп жатқандықтан, тиісті санитарлық шаралардың сақталуы қамтамасыз етілген. Учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Ерболат Сембаев атап өткендей, бөлімше барлық талаптарға сәйкес, ҚР ОСК ұсыныстарын ескере отырып жабдықталған.
Мысалы, ғимаратта болу санитарлық нормаларға сәйкес жүзеге асырылады (маска режимі, әлеуметтік арақашықтықты сақтау, зарарсыздандыру құралдарын міндетті қолдану және т.б.). Сайлау комиссиясының мүшелері жеке қорғаныс құралдарын қолдана отырып жұмыс істейді.
Бельгия мен Люксембургте тұрақты немесе уақытша тұратын Қазақстан азаматтары Қазақстан Республикасы азаматының жарамды төлқұжатымен өздерінің сайлау құқығын жүзеге асыру үшін мейлінше жағдай жасалған.
Бельгия астанасындағы сайлаушылар тізімінде 204 адам тіркелген.
Бүгін жас қазақстандықтар – Даян Әлекенов пен Нұрислам Сейдалин сайлау учаскесінде алғашқылардың бірі болып дауыс берді. Алғашқы рет сайлауға қатысып тұрған жастар Елшілік атынан естелік сыйлықтармен марапатталып, алған әсерлерін қазақстандық телеарналармен бөлісті.
Брюссельдегі сайлау процесін ақпараттық сүйемелдеуге қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері аккредиттелген.
Сайлау учаскесінің жұмысы сағат 20.00-де аяқталады.