Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақ арасындағы Кедендік ынтымақтастық жөніндегі Кіші комитеттің 4-ші отырысы туралы

Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақ арасындағы Кедендік ынтымақтастық жөніндегі Кіші комитеттің 4-ші отырысы туралы

2020 жылғы 23 қарашада Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақ арасындағы 2015 жылғы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімге сәйкес құрылған орган – Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақ арасындағы Кедендік ынтымақтастық жөніндегі Кіші комитеттің 4 – ші виртуалды отырысы өтті.

Еуропалық Одақ – Қазақстан Республикасының негізгі сауда және инвестициялық серіктесі. Оның үлесіне жыл сайын қазақстандық сыртқы сауда айналымының және еліміздің экономикасына тартылған шетелдік капиталдың 30-дан 50%-ға дейін тиесілі. 2020 жылдың бес айында екіжақты тауар айналымы 11,6 млрд. долларды, яғни ҚР жалпы тауар айналымының 33,2%-ын құрады. Қазақстанның ірі сауда серіктестері – Италия, Нидерланды, Франция және Греция.

Отырыс шеңберінде сауда рәсімдерін оңайлату, транзит еркіндігін ілгерілету, халықаралық кеден және сауда стандарттарын енгізу, құқық қорғау қызметі, оның ішінде есірткі трафигі мен темекі өнімдерінің контрабандасына қарсы күреске байланысты маңызды мәселелер қаралды.

Сондай-ақ, Тараптар Еуропа мен Азия арасындағы өзара байланысты («connectivity») қамтамасыз ету бойынша өткен жылы қабылданған ЕО-ның Орталық Азия бойынша Стратегиясы аясында кедендік ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін талқылады. Стратегияның әлеуетін тиімді пайдалану азаматтардың экономикалық әл-ауқатын арттыруға, жұмыс орындарын құруға және Еуропа мен Азия арасындағы жеткізу тізбегінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал ететін болады.

Төрт жылдық кезеңде Кіші комитет өзін тиімді мемлекетаралық алаң ретінде танытты, біздің елдеріміздің кеден қызметтері мен басқа да мемлекеттік органдарының өзара іс-қимылының маңызды институтына айналды. Тараптар Кіші комитет шеңберінде ынтымақтастықты одан әрі дамыту туралы уағдаластыққа қол жеткізді.