
2020 жылғы 20 қазанда Люксембург филармониясында алғаш рет қазақтың ұлы философы және ақыны Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған Qazaq Steppe концерті өтті.
Іс-шара Брюссельдегі Қазақстан Елшілігі мен Люксембургтегі Қазақстанның Құрметті консулдығының бірлескен жұмысының неәтижесі.
Қазақстандық жас әртістер – пианист Әйгерім Матаева мен опера солисті Құдайберген Әбілдин Абайдың «Желсіз түнде жарық ай», «Құлақтан кіріп, бойды алар», «Көзімнің қарасы», «Айттым сәлем, Қаламқас» әндерін, Н.Римский-Корсаковтың романсын және өзге де белгілі шығармаларды орындады.
Концерттің ашылуында сөз сөйлеген Қазақстан Елшісі Айгүл Құспан қонақтарға Абай өлеңін француз тілінде оқыды:
Bonne chanson, belle mélodie
S‘emparent de ton être entier,
Traversent ton corps,
Réveillent tes pensées.
Si tu aimes la musique,
Comme moi aime-la.
...
Қазақстандық дипломат «Ұлы Абай – Қазақстанның ғана мұрасы емес, әлемдік ауқымдағы данышпан. Біз үшін Абай орыстарға Пушкин, немістерге Гете, итальяндықтар үшін Данте, француздар үшін Вольтер секілді құнды. Абайдың шығармашылығы қазақ халқының рухани жан-дүниесін тереңінен ұғынуға мүмкіндік береді. Оның өлеңдері мен қара сөздері ұлттық болмысымызды жан-жақты бейнелейді», деді.
Концерт қонақтары Қазақстанның мәдениеті мен еліміздің табиғатының сұлулығын көрсететін бейнероликті қарап, филармонияның үлкен фойесінде ұйымдастырылған Қазақстан фотосуреттері көрмесін тамашалады. Келушілерге естелік ретінде Абай Құнанбаевтың француз тіліндегі шығармалар жинағы таратылды. Кітаптың бірнеше данасы Люксембургтің Ұлттық кітапханасына жіберілмек.
Келесі күні кешке Люксембургте Қазақстан Елшілігі мен «Қазақстан-Люксембург» қауымдастығының ұйымдастыруымен Абай поэзиясы кеші өтті.
Кеш қонақтары Абайдың шығармаларын қазақ, орыс, француз, неміс, ағылшын, түрік және швед тілдерінде ықыласпен оқыды.
Қазақстан елшісі Айгүл Құспан Люксембургте тұратын қандастарымызды және еліміздің достарын қошеметтеп, «Қазақстан-Люксембург» қауымдастығына ұлы ақынды еске алу кешін Люксембургте ұйымдастырғандары үшін алғыс білдірді.
Кеш қазақстандық талантты тенор Құдайберген Әбілдиннің орындауындағы Абай әндерімен ерекшеленді.
Жалпы, осы елдегі қазақтар қауымдастығы Қазақстан мен Люксембург халықтарының мәдениеттерін жақындастыруға айтарлықтай үлес қосуда.
Мәдени іс-шаралар Люксембург үкіметінің COVID-19 алдын алуға қатысты барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарын сақтай отырып өткізілгенін атап өту қажет.
Абай Құнанбаев туралы
Абай Құнанбаев (1845-1904) – қазақ ақыны, композитор, ағартушы, ойшыл, қоғам қайраткері, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы және оның алғашқы классигі, еуропалық мәдениетінен сусындауға шақырған мәдени реформатор. Абай қазақтар арасында орыс және еуропа мәдениетінің таралуына үлес қосқан тұлға.
Абайдың дүниетанымының қалыптасуына шығыстың гуманистік идеяларды ұстанған ақындары мен ғалымдары (Фердоуси, Алишер Навои, Низами, Физули, Ибн Сина, т.б.), сондай-ақ орыс және еуропа классиктерінің шығармалары әсер етті. Абай Крылов, Лермонтов, Пушкин, Гете, Байрон шығармаларын қазақ тіліне аударды.
Ол өз артында 170-ке жуық өлең және 56 аударма, қысқа, астарлы әңгімелерден немесе философиялық трактаттардан тұратын 45 «қара сөз» қалдырған. Композитор Абай жиырма шақты ән жазды.
2020 жылы Германияда, Францияда және АҚШ-та Абайдың 175 жылдығына арналған мәдени іс-шаралар өтті.