Домбыра мен саксофонның үндестігі: Брюссельде ерекше музыкалық диалог шырқалды

Домбыра мен саксофонның үндестігі:  Брюссельде ерекше музыкалық диалог шырқалды

Брюссель, 2025 жылғы 9 желтоқсан – Бельгия астанасында Қазақстан Республикасының Бельгиядағы Елшілігінің ұйымдастыруымен және Алматы облысы әкімдігінің «Алатау Әуендері» концерттік ұйымының қолдауымен ерекше концерт өтті. Іс-шара композитор Нұрғиса Тілендиевтің 100-жылдығына және Қазақстан мен Еуропалық Одақ және оның мүше мемлекеттері арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы Келісімге қол қойылуының 10-жылдығына арналды.

Концерт Шығыс пен Батысты байланыстыратын мәдени көпірге айналды. Іс-шараға Бельгия Парламентінің депутаттары, еуропалық институттардың өкілдері, дипломаттар, мәдениет қайраткерлері мен қазақстандық диаспора қатысты. Көрермендер алғашқы минуттардан-ақ музыкалық диалог атмосферасына еніп, Бельгияда дүниеге келген саксофон мен қазақ музыкалық дәстүрінің символы – домбыраның үндестігін тамашалады. Олардың бірлескен үні елдер арасындағы достық пен көпжылдық серіктестіктің жарқын метафорасына айналды.

«Музыка шекара білмейді. Бұл концерт – мәдени диалогтың біздің байланыстарды нығайтып, серіктестіктің жаңа көкжиектерін ашатынын дәлелдейтін айқын мысал», – деп атап өтті Қазақстан Республикасының Бельгиядағы Елшісі Роман Василенко.

Бағдарламаға Нұрғиса Тілендиевтің түпнұсқа және заманауи өңдеудегі туындылары, сондай-ақ Брюссель концертiне арнайы дайындалған жаңа интерпретациялар енді. Орындаушылар саксофон, домбыра, прима-қобыз және басқа да аспаптарды шебер үйлестіріп, көрермендерді тәнті еткен ерекше музыкалық кенеп жасады.

Концерт Н.Тілендиев мұрасына құрмет қана емес, сонымен қатар Еуропадағы Қазақстанның мәдени дипломатиясының маңызды кезеңі болды. Шарадан кейін қатысушылар жаңа бірлескен жобалардың болашағын талқылап, мұндай бастамалар гуманитарлық байланыстарды нығайтып, шығармашылық алмасуды ынталандыратынын және халықтар арасындағы достықты дамытуға ықпал ететінін атап өтті.