
Брюссель, 2025 жылғы 4 қараша — Қазақстан Республикасының Еуропалық Одақ жанындағы Тұрақты өкілі Роман Василенко Орталық Азиямен байланыстар жөніндегі Еуропалық парламент делегациясының төрайымы Джузеппина Принчимен кездесті.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақ арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, сондай-ақ парламентаралық өзара іс-қимылды дамыту перспективаларына қатысты кең ауқымды мәселелерді талқылады.
Әңгіме барысында Қазақстан мен ЕО арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімге (КӘЫК) қол қойылғанына 10 жыл толуына орай дайындық мәселесіне ерекше назар аударылды. Бұл келісім екіжақты қатынастардағы маңызды белес болып, саяси, экономикалық және өзге де салалардағы стратегиялық ынтымақтастықтың берік негізін қалады.
Елші Р. Василенко сұхбаттасын ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жуырдағы халыққа Жолдауының негізгі тезистерімен таныстырып, елде жүргізіліп жатқан саяси реформалар мен мемлекеттік жүйені одан әрі жетілдіруге бағытталған бастамалар туралы айтты. Сондай-ақ Парламент Сенатын тарату мәселесі бойынша республикалық референдум өткізу мүмкіндігіне тоқталды.
Тараптар Қазақстан мен Еуропа арасындағы қатынастардың дәйекті дамып келе жатқанын атап өтіп, саяси диалогты одан әрі нығайтуға, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге, сондай-ақ «жасыл» экономика, көлік, энергетика, цифрландыру және білім беру салаларындағы бірлескен бастамаларды ілгерілетуге өзара мүдделілік бар екенін растады.
Парламентаралық диалогты тереңдетудің өзара түсіністік пен сенімді нығайтудың маңызды құралдарының бірі екені атап өтілді. Осыған байланысты тараптар алдағы іс-шараларға дайындық барысын талқылап, келесі жылға арналған бірлескен жұмыс жоспарларын белгіледі.
Кездесу соңында тараптар өзара құрметке, ортақ мүдделерге және Орталық Азия өңірінің орнықты дамуына ұмтылысқа негізделген әріптестікті одан әрі тереңдетуге бейілділіктерін растады.