
Ағымдағы жылдың 1 наурызында Қазақстан мен ЕО арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісім (КӘЫК) күшіне енді. Аталған Келісім екі жақты қатынастардың 29 саласын қамтып, тараптар үшін жаңа мүмкіндіктер туғызады.
Келесі қадам – құжатта көрсетілген уағдаластықтарды жүзеге асыру болып отыр. Әрине, дипломаттардың және әр түрлі салалардағы мамандардың кездесіп, мәселелерді егжей-тегжей талқылауы бұл мәселені жеделдете түсері анық. Дегенмен, әлемді шарпыған індет дипломатия саласының маңызды бөлігі болып есептелетін көзбе-көз өткізілетін келіссөздерге жол бермей отыр. Соған қарамастан, дипломаттар қол қусырып қарап отырмай, жыл басынан бері бірқатар бейнеконференция өткізу арқылы Келісімнің шарттарын жүзеге асырудың жолдарын талқылауда.
Ү.ж. 25 қыркүйекте министрлер орынбасарлары деңгейінде Қазақстан-Еуроодақ ынтымақтастық комитетінің отырысы бейнеконференция форматында өтті. Комитеттің тең төрғалары - қазақстандық тараптан Министрдің орынбасары Марғұлан Баймұхан, еуропалық тараптан Еуропалық сыртқы іс-қимылдар қызметінің Ресей, Шығыс әріптестік, Орталық Азия және ЕҚЫҰ Директоры Люк Девинь.
Кездесу жүзбе-жүз өтпегеніне қарамастан, жылы және достық сипатта өткендегіне назар аударамыз. Тараптар ынтымақтастық деңгейінің тереңдей түсуін ерекше атап, КӘЫК аясында экономикалық даму және саяси реформалар, заң үстемдігі, адам құқықтары, энергетика, транспорт, қоршаған ортаны қорғау, білім және ғылым, визалық жеңілдіктер, аймақтық ынтымақтастық және т.б. мәселелерді талқылап, болашаққа жоспарлар бекітті.
Сонымен бірге, Еуропалық тарап Қазақстан Үкіметіне COVID-19 пандемиясы аясында бірқатар көршілес және Еуропа елдеріне гуманитарлық көмегі үшін ризашылығын білдірді. Елде орын алып жатқан реформаларға жоғары баға беріп, Қазақстанға өлім жазасынан бас тарту туралы шешіміне қатысты құттықтау айтты.
Бейнеконференция бойынша толығырақ мәлімет алу үшін келесі сілтемені басыңыз.