ҚАЗАҚСТАН-ЛЮКСЕМБУРГ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТАРЫ
(анықтама)
Дипломатиялық қатынастар 1992 жылғы 29 маусымда орнатылды.
2021 жылғы қазаннан 2025 жылғы шілдеге дейін Люксембург Ұлы Герцогтігіндегі (резиденциясы Брюссель қаласында) Қазақстан Республикасының Елшісі қызметін Марғұлан Баймұхан атқарды.
2024 жылғы 19 наурыздан бастап Қазақстан Республикасындағы Люксембург Ұлы Герцогтігінің Елшісі (резиденциясы Мәскеу қаласында) Томас Райзен болып табылады.
Қазақстан Республикасының Люксембургтегі Құрметті консулы – Бенедикт Соботка (2019 жылғы қаңтардан бастап).
Люксембургтың Қазақстандағы сыртқы сауда жөніндегі кеңесшісі – Мұхит Тайжан (2023 жылғы маусымнан бастап).
Саяси диалог
Президент Н. Назарбаев Премьер-Министр К. Беттельмен 2014 жылы Дубайда өткен Ислам әлемдік экономикалық форумының, 2015 жылы Нью-Йоркте өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-сессиясының және 2018 жылы Брюссельде өткен АСЕМ саммитінің аясында кездескен.
Люксембургтың Премьер-Министрлері Қазақстанға ресми сапармен келген: Жан-Клод Юнкер (2008 ж.), Ксавье Беттель (2015 және 2017 жж.).
2019 жылғы 25 қыркүйекте Қазақстан Президенті Қ. Тоқаев Люксембург Премьер-Министрі К. Беттельмен Нью-Йоркте өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-сессиясы аясында кездесті.
2025 жылғы 30 сәуірде Қазақстан Президенті Қ. Тоқаев пен Люксембург Премьер-Министрі Люк Фриден телефон арқылы сөйлесті.
Сыртқы істер министрлері деңгейіндегі байланыстар
Люксембургтың Сыртқы істер министрі Жан Ассельборн Қазақстанға екі рет келді: 2010 жылғы желтоқсанда Астанада өткен ЕҚЫҰ саммитіне қатысу үшін және 2023 жылғы 29 маусымда ресми сапармен.
Қазақстанның Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді 2022 жылғы маусымда Люксембургке жұмыс сапарымен барды.
2024 жылғы 14 қазанда Қазақстанның Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Люксембургке ресми сапармен барып, Люксембург Премьер-Министрі Люк Фриденмен, Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Ксавье Беттельмен, сондай-ақ «Sarens», «Cargolux», «SES» компанияларының басшылығымен келіссөздер жүргізді.
Қазақстан мен Люксембург сыртқы саясат ведомстволарының басшылары бейресми ЕҚЫҰ СІМ кеңесі аясында (Словакия, 2019 ж. шілде) кездесіп, сондай-ақ ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – СІМ М. Нұртілеу мен Люксембург Премьер-Министрінің орынбасары – СІМ К. Беттель 2024 жылғы 25 қыркүйекте Нью-Йорктегі БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында кездесті.
СІМ-аралық консультациялар
Алғашқы саяси консультациялар 2022 жылғы мамырда Люксембургте, екіншісі 2024 жылғы 10 шілдеде Астанада өтті. Делегацияларға ҚР СІМ Еуропа департаментінің директоры О. Сүлейменов және Люксембург СІМ Көпжақты ұйымдар, Америка және Шығыс Еуропа департаментінің директоры Давид Вайс төрағалық етті.
Парламентаралық ынтымақтастық
Қазақстан Парламенті делегациялары 2007 және 2019 жылдары Люксембургте өткен ЕҚЫҰ ПА отырыстарына, сондай-ақ 2023 жылғы мамырда өткен НАТО ПА-ға қатысты.
Люксембург Парламентінің депутаттары 2019 жылғы маусымда Қазақстан Президенті сайлауын бақылау жөніндегі ЕҚЫҰ миссиясына қатысты.
Сауда-экономикалық ынтымақтастық
Қазақстан мен Люксембург арасындағы тауар айналымы 2025 жылғы қаңтар–шілде айларында 12,1 млн. АҚШ долларын құрады (экспорт – 0, импорт – 12,1 млн.).
2024 жылғы тауар айналымы 19,52 млн. доллар болды, бұл 2023 жылмен (26 млн.) салыстырғанда 28,6%-ға төмен. 2024 жылы Қазақстаннан Люксембургке экспорт – 36,5 мың доллар, ал импорт – 19,48 млн. долларды құрады.
Қазақстанға Люксембургтен әкелінетін негізгі тауарлар: тіркемелер мен жартылай тіркемелер, тоқыма емес материалдар, механикалық жетегі бар қол құралдарына арналған ауыспалы құралдар, өздігінен жабысатын пластмасса плиталар, парақтар мен үлдірлер, металлкерамикадан жасалған плиталар, брускалар мен ұштар, тері күтіміне арналған косметика, декоративті косметика, құбыр арматуралары.
Люксембургтен Қазақстанға келген тікелей шетелдік инвестициялар көлемі: 2025 ж. 2 тоқсан – 180 млн., 2024 ж. – 520,5 млн., 2023 ж. – 422 млн., 2022 ж. – 200,1 млн., 2005 жылдан бері жалпы көлемі – 2,95 млрд. доллар.
Қазақстанда люксембургтік капиталдың қатысуымен 68 компания тіркелген. Люксембургте тіркеліп, Қазақстанда жұмыс істеп жатқан ең ірі компания – «Eurasian Resources Group» («Arcelor Mittal» 2023 жылы Қазақстан нарығынан шықты).
2023 жылы қазақстандық «Forum Group Astana» және люксембургтік «Lobox Architectes S.à.r.l.» құрылыс саласында жаңа технологияларды қолдану бойынша әріптестік туралы келісімге қол қойды. Келіссөздер жалғасуда.
2024 жылғы мамырда «Қазақтелеком» АҚ «Gcore» компаниясымен стримингтік және мультимедиялық технологияларды дамыту жөнінде келісімге қол қойды. Компаниялар бұлтты және мультимедиялық технологиялар саласында қызметтер құруды, стримингтік платформаларды дамытуды, медиаконтент пен бұлттық технологияларды жеткізу бойынша бірлескен пилоттық жобаларды іске асыруды жоспарлап отыр. Келіссөздер жалғасуда.
Люксембург Сауда палатасымен бірлесіп жыл сайын экономикалық іс-шаралар өткізіледі. 2025 жылғы 6 маусымда қазақстандық компаниялардың Люксембургке іскерлік миссиясы аясында Сауда палатасында Қазақстанның сауда-экономикалық және инвестициялық мүмкіндіктеріне арналған дөңгелек үстел өтті.
Люксембург-бельгиялық «Sarens» (көлік және логистика), «Cargolux» (әуе жүк тасымалы), «SES» (цифрлық технологиялар) компанияларымен ынтымақтастық бойынша келіссөздер жүргізілуде.
Мәдени, гуманитарлық және ғылыми ынтымақтастық
Люксембургте қазақстандық «Хассақ» тобы мен «Арлан» театрының әртістері өнер көрсетті (2022 ж. 8 қараша), «Дос-Мұқасан» фильмі көрсетілді (2022 ж. 8 желтоқсан), сондай-ақ Астана филармониясының фольклорлық ансамблі концерт берді (2023 ж. наурыз).
2023 жылғы 15 қазанда Люксембург консерваториясында Республика күніне орай «Сазген сазы» фольклорлық ансамблінің алғашқы концерті өтті.
2024 жылғы 13 наурызда Бельгия мен Люксембургте қазақстандық студенттердің «Qazaq Society» бірлестігі құрылды.
Көпжақты форматтағы ынтымақтастық
Қазақстан мен Люксембург БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне өзара қолдау көрсетті: Қазақстан – 2039–2040 жж., Люксембург – 2031–2032 жж. мерзіміне; сондай-ақ Қазақстан – ЮНЕСКО Бүкіләлемдік мұра комитетіне (2023–2027 жж.), Люксембург – ЮНЕСКО Атқарушы кеңесіне (2025–2029 жж.).
Люксембург Қазақстанның БҰҰ Бас Ассамблеясының мына қарарларының тең авторы және қолдаушысы болды: Орталық Азия мен Ауғанстан елдері үшін БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі Өңірлік орталығын құру туралы (2025 ж. 4 наурыз) және Семей өңірінің халқын сауықтыру, қоршаған ортаны қалпына келтіру және экономикалық дамуы бойынша халықаралық ынтымақтастық пен үйлестіру туралы (2023 ж. 21 желтоқсан).
Сонымен қатар, Люксембург Алғашқы медициналық-санитарлық көмек жөніндегі елдердің жаһандық коалициясын құру бастамасына қолдау көрсетуге және тең автор болуға дайын екендігін білдірді (2024 ж. 30 тамыздағы нота).
Құқықтық және консулдық мәселелер
2024 жылғы 7 қарашада Қазақстан Үкіметі мен Бенилюкс мемлекеттерінің Үкіметтері арасындағы дипломатиялық және қызметтік паспорт иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі Хаттамаға қол қойылды. Бұл құжат бойынша Люксембург тарапынан ішкі мемлекеттік рәсімдер жүргізілуде.