Меню

Ұялы байланыс
Бекітілген байланыс
Пошта байланысы
Ұялы байланыс сапасын тексеру
Қазақстан Республикасының радиожиілік спектрін пайдалануға рұқсат беру
Байланыс саласындағы жаңа технологиялар мен инфрақұрылымды дамыту
Байланыс саласындағы мемлекеттік саясат
Қазақстан-Бельгия

Қазақстан-Бельгия қарым-қатынастары

(анықтама)

 Дипломатиялық қатынастар 1992 жылғы 25 тамызда орнатылды.
1993 жылы 15 сәуірде Қазақстанның Бельгиядағы Елшілігі ашылды.

2006 жылғы қаңтарда Қазақстанда Бельгия Елшілігі ашылды.

2025 жылғы 5 шілдеде Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі болып Р. Василенко тағайындалды (Корольге сенім грамоталарын тапсыру 2025 жылғы 3 қыркүйекте өтті).

2025 жылғы 28 тамызда Бельгияның Қазақстандағы елшісі Э. де Майер ҚР Президенті Қ. Тоқаевқа сенім грамоталарын табыс етті.

Бельгияда ҚР-ның бір құрметті консулы жұмыс істейді: Валлон Брабантында – Анна Сусарова.

Саяси диалог

ҚР Президенті Н.Назарбаев Бельгияға 9 ресми және жұмыс сапарымен барды (1993, 2000, 2002, 2006, 2010 жылы екі рет, 2014, 2016 және 2018 жылдары). ҚР Президенті Қ. Тоқаев 2021 жылғы 25-26 қарашада Бельгияға бір ресми сапармен барды, бұл мемлекет Басшысының COVID-19 пандемиясынан кейінгі Еуропаға алғашқы сапары, сондай-ақ Бельгияға ҚР Президенті ретіндегі алғашқы сапары болды. Мемлекет басшысы Бельгия Королі Филипппен және Премьер-министр А. де Кроомен келіссөздер жүргізді.

Бельгия королі Филипп Қазақстанға тақ мұрагері мәртебесінде үш рет барды (2002, 2009 және 2010 жж.).

Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасы Э. Азимова 2025 жылғы 7–8 сәуірде Брюссельге алғашқы ресми сапарын жасады. Ол Бельгия Конституциялық Сотының Төрағасы Л. Лаврейсенмен, Бельгия Федералдық Парламенті Өкілдер палатасының Сыртқы байланыстар комитетінің төрағасы Э. Ван Хофпен, сондай-ақ Еуропарламенттің Адам құқықтары жөніндегі кіші комитетінің, Құқықтық мәселелер жөніндегі комитетінің және Орталық Азия елдері мен Моңғолиямен байланыстар жөніндегі делегациясының төрағаларымен кездесті.

 

Сыртқы істер министрлері деңгейіндегі байланыстар

2006 жылғы 27 наурызда ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы – Бельгияның Сыртқы істер министрі Карел де Гюхт Қазақстанға сапар жасады. Бұл Бельгия сыртқы саяси ведомствосы басшысының Қазақстанға алғашқы сапары болды. К. де Гюхт Қазақстан Президенті Н. Назарбаевпен, Сыртқы істер министрі Қ. Тоқаевпен, сондай-ақ Алматы қаласындағы саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесті.

2022 жылғы 19 қаңтарда Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі М. Тілеубердінің Брюссельге жұмыс сапары өтті. Ол Бельгияның Вице-премьер-министрі – Сыртқы істер министрі Софи Вильмеспен, Еуропалық кеңес Президентінің сыртқы саясат жөніндегі бас кеңесшісі С. Мордюмен, ЕО-ның Адам құқықтары жөніндегі арнайы өкілі И. Гилмормен, Еуропалық сыртқы әрекет қызметінің Бас хатшысы С. Саниноумен, ЕО-ның Орталық Азия жөніндегі арнайы өкілі Т. Хакаламен, сондай-ақ KBC Group компаниясының Басқарма төрағасы Йохан Тейсспен келіссөздер жүргізді.

Сыртқы істер министрлікаралық консультациялар - 2022 жылғы 17 қазанда Астанада және 2024 жылғы 18 қазанда Брюссельде өтті (төртінші және бесінші отырыстар). Тараптарды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Р. Василенко мен Бельгия СІМ Бас директоры Дж. Кореман басқарды.

2026 жылғы 11 наурызда Астанада сыртқы істер министрліктері арасындағы консультациялардың алтыншы раунды өтті. Қазақстан тарапынан Сыртқы істер министрінің орынбасары А. Исетов, Бельгия тарапынан СІМ Бас директоры Б. Стевенс төрағалық етті.

Парламентаралық ынтымақтастық

2023 жылғы 16–21 мамырда Бельгия Федералдық Парламенті депутаттарының делегациясы Қазақстанға алғашқы ресми сапармен келді. Делегацияны Бельгия Парламентіндегі Орталық Азия елдерімен достық тобының төрағасы, депутат Тим Ванденпут басқарды. Бельгиялық депутаттар Астана, Алматы және Ақтау қалаларында болып, Парламент Сенатының Төрағасы М. Әшімбаевпен, Мәжіліс Төрағасының орынбасары А. Раумен, Сыртқы істер министрінің орынбасары Р. Василенкомен, ЦДИАӨМ мен АХҚО өкілдерімен, сондай-ақ Алматы қаласының әкімі Е. Досаевпен, Нархоз университетінің және Ақтау портының басшылығымен кездесті.

2023 жылғы 13 қарашада Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің делегациясы Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы А. Құспанның басшылығымен Брюссельге жұмыс сапарымен барды. Делегация Бельгия Федералдық Парламенті Сенатының Президенті Стефани Д’Озбен және Тим Ванденпут жетекшілік ететін Орталық Азия елдерімен достық тобы мүшелерімен кездесті.

2025 жылғы 2–6 қыркүйекте Бельгия Парламентіндегі Орталық Азия елдерімен достық тобының төрайымы, сенатор Стефани Д’Оз бастаған бельгиялық сенаторлар делегациясының Қазақстанға ресми сапары өтті. Делегация Астана және Алматы қалаларында болып, ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары О. Перепечинамен, Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы А. Құспанмен, Сыртқы істер министрінің орынбасары А. Исетовпен, М. Нарикбаев және Нархоз университеттерінің басшылығымен кездесті, сондай-ақ АХҚО мен Astana Hub қызметімен және ҚР ЦДИАӨМ жанындағы «Азаматтарға арналған үкіметтің» жұмысымен танысты.

2025 жылғы 18–20 қарашада Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің делегациясы Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы А. Құспанның жетекшілігімен Брюссельге жұмыс сапарымен барды. Делегация Бельгия Федералдық Парламенті Өкілдер палатасының төрағасы П. Де Ровермен кездесті. Тараптар парламентаралық ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен перспективаларын, сондай-ақ 2026 жылға арналған іс-шаралар кестесін талқылады. П. Де Роверге Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырудың түпнұсқасы табысталды.

Сауда-экономикалық ынтымақтастық

2025 жылы Қазақстан мен Бельгия арасындағы тауар айналымы 582,4 млн АҚШ долларын құрады (+28%), оның ішінде экспорт – 311,5 млн доллар, импорт – 270,9 млн доллар. 2026 жылдың бірінші тоқсанында бұл көрсеткіш 117,8 млн доллар болды.

2024 жылы тауар айналымы 456 млн АҚШ долларын құрады (экспорт – 210 млн доллар, импорт – 246 млн доллар), бұл 2023 жылмен салыстырғанда (523,5 млн доллар, экспорт – 220,6 млн доллар, импорт – 302,9 млн доллар) 12,89%-ға және 2022 жылмен салыстырғанда (514,9 млн доллар) 11,44%-ға төмен.

Қазақстанның Бельгияға негізгі экспорттық тауарлары: зығыр тұқымы, титан және одан жасалған бұйымдар, хром оксидтері мен гидроксидтері, кендер мен концентраттар, көмір, этил спирті, қара металдардан жасалған өзге бұйымдар, металл конструкциялар, өзге өсімдік майларын өндіру кезінде алынатын қалдықтар.

Қазақстанның Бельгиядан негізгі импорттық тауарлары: бөлшек саудаға арналған дәрілік заттар, мұнай өнімдері, вакциналар, қан сарысулары, қан өнімдері, тракторлар мен ершікті тартқыштар, центрифугалар, сұйықтықтар мен газдарды сүзуге арналған жабдықтар, замазкалар, шпатлевкалар, майлау материалдары, ауа сорғылары, ауыл шаруашылығы машиналары, электр трансформаторлары.

2025 жылы Бельгиядан Қазақстанға тікелей инвестициялардың жалпы ағыны 1,045 млрд АҚШ долларын құрады. 2024 жылы – 1,206 млрд доллар, 2023 жылы – 1,006 млрд доллар. 2005–2025 жылдар аралығында тартылған инвестициялардың жиынтық көлемі 14,5 млрд доллар болды.

Қазақстанда бельгиялық капиталдың қатысуымен 76 кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың ішіндегі ірілері: «Jan De Nul», «Sarens Group» (инфрақұрылым), «Ahlers» (логистика), «Puratos» (су тазарту).

2023 жылғы 17 мамырда Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы мен «БеНиЛюкс» Сауда палатасы арасында қол қойылған келісім негізінде «Қазақстан–Бельгия» Іскерлік кеңесі құрылды. Кеңестің екінші отырысы 2024 жылғы 29 мамырда Алматыда 30-дан астам қазақстандық және бельгиялық компанияның қатысуымен өтті. Үшінші отырыс 2025 жылғы 4 маусымда Брюссельде өтіп, оған «Astana NAN», «Artex», «Batys Wood Works» және басқа да компанияларды қоса алғанда, 50-ден астам қазақстандық және бельгиялық бизнес өкілдері қатысты.

Ресей Федерациясына қатысты санкциялар салдарынан бельгиялық банктерде бұғатталған қазақстандық активтерді босату мәселесінде Қазақстанның уәкілетті органдарына қолдау көрсету мақсатында Бельгия Қаржы министрлігінің Қазынашылық әкімшілігімен тығыз байланыс орнатылды.

2025 жылы Еуразиялық даму банкінің 733 млн еуро көлеміндегі қаражатының 605,05 млн еуросын босату туралы келісімдерге қол жеткізілді. Оның ішінде: Қазақстандағы су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін – 1 млн еуро, «Қазақмыс» жобасын іске асыруға – 17,6 млн еуро, «ҚазАвтоЖол» компаниясының жол құрылысына – 100 млн еуро, Қарағанды ЖЭО құрылысына – бірінші транш ретінде 100 млн АҚШ доллары, екінші транш ретінде 97 млн АҚШ доллары және 20,95 млн еуро.

Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық

2012 жылғы 16 наурызда Қазақстан Республикасының Өскемен қаласында Семей қаласы әкімдігі мен Бельгия Корольдігінің Ипр қаласы әкімдігі арасында бауырластық қатынастар туралы келісімге қол қойылды.

Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай 2021 жылы Қазақстанның Брюссельдегі Елшілігі бірқатар мәдени іс-шаралар өткізді. Атап айтқанда, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының қолдауымен Брюссельдің Музыкалық аспаптар музейіне домбыра, қобыз және сыбызғы сыйға тартылды. Сонымен қатар «Тіл-Қазына» қазақ мәдени орталығының бастамасымен Брюссельдің әйгілі символы – «Маннекен Пис» мүсін-фонтаны қазақтың шапаны мен ұлттық бас киімімен киіндірілді.

2021 жылғы 10 тамызда Абай күніне орай Абай Құнанбайұлының француз тіліндегі «Қара сөздер» жинағы Бельгияның ең ірі Корольдік кітапханасының қорына табысталды.

2024 жылғы 13 наурызда Елшіліктің қолдауымен Бельгия мен Люксембургтегі қазақстандық студенттердің «Qazaq Society» бірлестігі құрылды.

2024 жылғы 23 сәуірде «KazAID» халықаралық даму агенттігі мен Бельгияның «Enabel» даму агенттігі арасында бейнеконференция форматында келіссөздер ұйымдастырылды. Тараптар ресми даму көмегі саласындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады. Кейінірек «KazAID» қазіргі уақытта «Enabel»-мен ынтымақтастыққа мүдделі емес екенін ресми түрде хабарлады.

2024 жылғы 27 мамырда Брюссельде ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Е. Әбілдің Egmont Корольдік халықаралық қатынастар институтымен, Брюссель дипломатиялық академиясымен (BDA/VUB) және CERIS Брюссель дипломатиялық мектебімен келіссөздері өтті. Тараптар халықаралық қатынастар саласындағы бірлескен бағдарламалар мен зерттеу жобаларын жүзеге асыруға дайын екендіктерін растады.

2025 жылғы 21 қазанда Қазақстан делегациясы Бельгияның Корольдік бейнелеу өнері музейінде өткен «Global Tourism Forum 2025» жаһандық туристік форумына қатысты. Форумға 50 елден мыңнан астам қатысушы жиналды. Қазақстан Елшілігі ұлттық стенд ұсынып, форум қорытындысы бойынша Алматы қаласы туризмдегі инновациялар мен қалалық трансформация үшін арнайы марапатқа ие болды.

2025 жылғы қазанда Брюссельде Қазақстан Республикасының Республика күніне арналған концерттер мен қабылдаулар ұйымдастырылды. «Маннекен Пис» мүсін-фонтаны қазақтың ұлттық шапанымен киіндірілді.

2025 жылғы қарашада Елшілік жанынан қазақ тілін, дәстүрлері мен мәдени бірегейлікті сақтауға бағытталған Қазақ мәдени орталығы ашылды. Орталық тілдік және білім беру бағдарламаларын жүзеге асыратын, сондай-ақ қазақстандық диаспораны біріктіретін маңызды алаңға айналды.

2026 жылғы сәуірде Гент қаласында Бельгиядағы екінші қазақ мәдени орталығы – «Qazaqroots» ашылды. Оның қызметі қазақстандық диаспораны қолдауға, шетелде асырап алынған қазақстандық текті балалармен жұмыс істеуге және Фландрия тұрғындары арасында қазақ мәдениетін насихаттауға бағытталған.

2025 жылғы желтоқсанда Брюссельде қазақ мәдениетінің апталығы өтті. Бағдарлама аясында Н. Тілендиевтің 100 жылдығына арналған концерттер, «Қазақфильмнің» қолдауымен кино күндері, сараптамалық іс-шаралар және қазақ мәдени мұрасының тұсаукесерлері ұйымдастырылды.

2026 жылғы наурызда Елшілік бастамасымен «Shanyraq Dialogues» сараптамалық пікірталас алаңы іске қосылды. Жоба іс-шаралары қазақ киіз үйінде тақырыптық пікірталастар форматында өткізіліп, оған бельгиялық және еуропалық талдау орталықтарының, ЕО институттарының, академиялық орта мен дипломатиялық корпустың өкілдері қатысады. Бастама Қазақстан, Бельгия және Еуропалық одақ арасындағы өңірлік қауіпсіздік, тұрақты даму, көлік, энергетика және мәдениетаралық өзара іс-қимыл мәселелері бойынша диалогты дамытуға бағытталған.

2026 жылғы сәуірде Елшіліктің бастамасымен Еуропада қазақ мәдениеті мен дәстүрлерін насихаттауға арналған жыл сайынғы «Shanyraq Fest» мәдени фестивалі өткізілді. Алғашқы фестиваль аясында концерттер, қазақтың сәндік-қолданбалы өнері бойынша шеберлік сабақтары және балалар мен жастарға арналған іс-шаралар ұйымдастырылды. Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауымен Елшілік аумағында қазақ киіз үйі орнатылып, Астана қаласы әкімдігінің жәрдемімен Наурыз мерекесі өткізілді, оған 500-ден астам қонақ қатысты. Сонымен қатар домбыра, жетіген және сазсырнай Бельгияның Корольдік музыкалық аспаптар музейінің қорына тапсырылып, музейдің тұрақты экспозициясына енгізілді.

Көпжақты ынтымақтастық

2021 жылы Қазақстан мен Бельгия халықаралық ұйымдардағы кандидатураларын өзара қолдады. Бельгия Қазақстанның 2022–2024 жылдарға арналған БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік кеңесіне сайлануын қолдады. Қазақстан Бельгияның 2022–2023 жылдарға арналған Халықаралық теңіз ұйымы кеңесіне сайлануын қолдады. Өз кезегінде Бельгия Қазақстанның өкілі Р. Нұршабековтың 2023–2026 жылдарға арналған Халықаралық электр байланысы одағы Радиореттеу кеңесіне сайлануын қолдады.

Құқықтық және консулдық мәселелер

2024 жылғы 7 қазанда Брюссельде Қазақстан мен Бенилюкс елдері 2015 жылғы қызметтік паспорт иелерін визалық талаптардан босату туралы үкіметаралық келісімге өзгерістер енгізу жөніндегі хаттамаға қол қойды.

2026 жылғы 18 мамырдағы жағдай бойынша хаттаманың күшіне енуі үшін қажетті ішкі мемлекеттік рәсімдер Қазақстанда және Нидерландта аяқталды. Бельгия мен Люксембургте рәсімдердің аяқталуы жақын уақытта күтілуде.

Документы
Новости
Полезные материалы
Медиагалерея
События
Реализуемые проекты
Услуги
Организации
Часто задаваемые вопросы

Социальные медиа

Twitter
Instagram
Facebook
Telegram

Меню подвал

ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары