Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында сөйлеген сөзі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында сөйлеген сөзі

Құрметті әріптестер!

 

Қазір бәріміз күрделі ахуалды бастан өткеріп жатырмыз.

Осы орайда, билік органдарына зор жауапкершілік жүктеледі. Мұны естен шығармауымыз керек.

Бұл міндетті баршамыз абыроймен атқаруымыз кқажет.

Үкімет, Ұлттық банк және басқа да органдардың қолға алған жұмыстары туралы мәлімет алдық.

Енді, елдегі тұрақтылықты сақтауға арналған  басқа да шараларға тоқталайын.

Бірінші. Коронавирустың таралуына қарсы жұмыстарды күшейту.

 Өздеріңіз білесіздер, жаһандық індет ушығып барады.

Бүкіл әлем бойынша бұл дертке  300 мыңнан астам адам шалдықты.

Вирустың таралу жылдамдығы  бәсеңдемей отыр.

Әлем елдері індетпен барынша күресуде.

Менің тапсырмам бойынша елімізде төтенше жағдай жарияланды.

Елордамыз бен Алматыда карантин режимі енгізілді.

Мұны дер кезінде қолға алынған шаралар деп есептеймін.

Құрметті әріптестер!

Осындай жағдайда барлық мемлекеттік органдар жұмыла жұмыс жүргізуі керек.

Бұл – береке-бірлігіміз сыналатын уақыт.

Әрбір дағдарыстың екі жағы бар. Біріншіден, бұл, әлбетте – қауіп, бірақ, екіншіден, бұл – мүмкіншілік.

Індет, дағдарыс дегеніміз – уақытша, өтпелі нәрсе.

Біздің алдымызда тұрған мақсат – мүмкіндікті барынша пайдалану, осы дағдарыстан аман-есен шығып, одан да мықты болуымыз керек.

Біз әрқайсымыз өз міндетімізді жауапкершілікпен орындасақ, бұл қиындықтан тезірек шығамыз деп сенемін!

Жұмыстарыңызға табыс тілеймін!

Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!