
«Бүгінде бәріміз коронавирустың жаһандық пандемияға ұласқанына куә болып отырмыз. Қазір вирус жер шарындағы 155-тен астам мемлекеттің, соның ішінде Қазақстанның да аумағына таралуда. Індеттің географиялық өрісі үздіксіз кеңейіп, құрбандарының саны да өсіп келеді.
Осындай ауыр кезеңде мен барлық қазақстандықтарды ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Үкімет тарапынан іске асырылып жатқан шұғыл шараларды қолдауға шақырамын.
Ел билігі коронавирустан қорғану үшін оның алдын алуға бағытталған кешенді шаралар қабылдады. Бұл ретте төтенше жағдайдың жариялануы – маңызды және қажетті қадам. Ондағы мақсат – біздің азаматтарымыз бен мемлекетіміздің мүддесін қорғау».