GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Елшілік туралы
Байланыс ақпарат
Екіжақты ынтымақтастық
Консулдық мәселелер
Все материалы
Екіжақты қатынастар
20 октября 2026
Қазақстан мен Аргентина мұнай-газ саласы және инфрақұрылымдық құрылыс бағыттарындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады

Астана, 2026 жылғы 20 қазан - Аргентиналық компаниялар делегациясының Қазақстанға жұмыс сапары аясында екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған бірқатар іскерлік кездесулер өтті. Делегация құрамына Қазақстан Республикасының Аргентинадағы Құрметті консулы, Қазақстан-Аргентина сауда палатасының президенті Сантьяго Де Лука, сондай-ақ Clear Petroleum S.A., CPC S.A. және DFM Consultores S.A. компанияларының өкілдері кірді.

«ҚМГ Инжиниринг» ЖШС-де өткен келіссөздер барысында аргентиналық компаниялардың мұнай-газ саласындағы тәжірибесін Қазақстанда қолдану мүмкіндіктері, оның ішінде өндіруші кәсіпорындарға сервистік қызмет көрсету, өндірістік инфрақұрылымды инженерлік сүйемелдеу, сондай-ақ кен орындарында сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін салу мәселелері талқыланды.

Тараптар кездесу қорытындысы бойынша ынтымақтастық перспективаларын одан әрі пысықтау мақсатымен байланыс деректерімен алмасты. Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігінде мұнай-газ саласындағы ықпалдастықты кеңейту, өндірістік кооперацияны дамыту және аргентиналық компаниялардың Қазақстандағы салалық жобаларға қатысу мүмкіндіктері жөнінде пікір алмасу өтткізілді.

Қазақстанның Сыртқы сауда палатасында өткен кездесуде әлеуетті серіктестерді іздеу, бірлескен кәсіпорындар құру, жер қойнауын пайдалану жобаларына және қазақстандық ірі компаниялардың сатып алу рәсімдеріне қатысу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар, өндірісті жергіліктендіру, Қазақстан нарығына шығу шарттары мен өзара бизнес-миссияларын ұйымдастыру мүмкіндіктері қаралды.

Сапар Қазақстан Республикасының Бразилия Федеративтік Республикасындағы Елшілігінің жәрдемдесуімен ұйымдастырылып, Қазақстан мен Аргентина арасындағы тікелей іскерлік байланыстарды дамытуға және өнеркәсіптік-инвестициялық ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын айқындауға бағытталған.

20–23 қазан аралығына жоспарланған сапар бағдарламасы қазақстандық компаниялармен және инвестициялық институттармен одан әрі келіссөздер жүргізуді, сондай-ақ Шымкент қаласында өтетін Қазақстанның жаһандық инвестициялар жөніндегі дөңгелек үстеліне (KGIR-2026) қатысуды көздейді.

Анықтамалық: Clear Petroleum S.A. -  мұнай-газ ұңғымаларына техникалық қызмет көрсету және жөндеу, мұнай-газ кен орындарын пайдалану, сондай-ақ өндірістік-техникалық қызметтер көрсетуге маманданған аргентиналық мұнай сервистік компаниясы.

CPC S.A. - энергетика, өнеркәсіптік құрылыс, сумен жабдықтау және су бұру салаларын қоса алғанда, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыратын аргентиналық инженерлік-құрылыс компаниясы.

DFM Consultores S.A. - инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және халықаралық іскерлік ынтымақтастықты дамыту саласындағы қызмет көрсететін аргентиналық консалтингтік компаниясы.

 

Екіжақты қатынастар
23 сентября 2026
Бразилияда минералдық-шикізат ресурстары саласындағы ұлттық саясат қабылданды

Бразилиа, 2026 жылғы 23 қыркүйек - Қазақстанның Бразилиядағы Елшісі Болат Нүсіпов бразилиялық тараптың шақыруымен Бразилияның тау-кен өндіру саласындағы стратегиялық және аса маңызды пайдалы қазбаларға қатысты Ұлттық саясатының және оның шетелдік инвестицияларға ықпалының таныстырылымына қатысты.

«Barral Parente Pinheiro» консалтингтік компаниясы ұйымдастырған іс-шараға Бразилияның іскер топтарының және елде аккредиттелген дипломатиялық корпустың өкілдері қатысты.

Бразилиялық спикерлер өз сөздерінде аса маңызды және стратегиялық минералдық шикізат түрлері төмен көміртекті экономикаға көшу, цифрлық технологиялардың дамуы, неғұрлым сенімді жеткізу тізбектерін қалыптастыруға ұмтылыс, сондай-ақ әлемдегі геосаяси шиеленістің күшеюіне байланысты артып келе жатқан халықаралық бәсекелестіктің нысанына айналғанын атап өтті.

Ниобий, литий, сирек кездесетін жер элементтері, графит, фосфаттар мен никельдің елеулі қорларына ие Бразилия, жаһандық минералдық-шикізатпен қамтамасыз ету жүйесінде стратегиялық маңызды орын алады.

Анықтамалық: Аса маңызды және стратегиялық минералдық шикізат түрлеріне қатысты Ұлттық саясат шеңберінде Бразилия халықаралық құн тізбектерінің негізгі қатысушыларының бірі ретіндегі орнын нығайтуды көздейді. Осы мақсатта іс-қимыл үш негізгі бағытқа шоғырландырылмақ: ел ішінде қосылған құн қалыптастыру, минералдық ресурстар саласындағы егемендікті қамтамасыз ету, сондай-ақ ұлттық және шетелдік капиталды тарту.

 

 

 

Екіжақты қатынастар
22 сентября 2026
Қазақстан мен Бразилия тау-кен саласындағы ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады

Бразилиа, 2026 жылғы 22 қыркүйек – Бразилияның Тау-кен өнеркәсібі және энергетика министрлігінде Қазақстан Республикасының Бразилия Федеративтік Республикасындағы Елшісі Болат Нүсіповтің Геология, тау-кен ісі және минералдық шикізатты қайта өңдеу жөніндегі ұлттық хатшы Андерсон Баррето Аррудамен кездесуі өтті.

Тараптар, кездесу барысында тау-кен саласындағы Қазақстан-Бразилия ынтымақтастығын дамытудың перспективаларын, соның ішінде минералдық ресурстар саласындағы ықтимал ықпалдастық бағыттарын талқылады.

Екіелдің бейінді мемлекеттік органдары мен салалық ұйымдары арасындағы байланыстарды дамытуға ерекше назар аударылды.

Елші Б.Нүсіпов Бразилия тарапын Қазақстанның тау-кен саласындағы өзекті инвестициялық жобаларымен таныстырды. Тиістіжобаларбойынша ақпараттық материалдар одан әрі танысу үшін Бразилия тарапына табысталды.

Кездесу қорытындысы бойынша, тараптар, жұмыс диалогын жалғастыруға және Қазақстан мен Бразилия арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктерін зерделеуге мүдделік танытты.

 

 

 

Екіжақты қатынастар
18 сентября 2026
Бразилияда Қазақстандағы реформаларға арналған ғылыми-практикалық конференция өтті

Бразилиа, 2026 жылғы 18 қыркүйек – Қазақстан Республикасының Бразилия Федеративтік Республикасындағы Елшілігі «Бразилия – Қазақстан» достық форумы­мен бірлесе «Қазақстанның саяси тұрақтылығы мен инвестициялық тартымдылығының факторы ретіндегі Конституциялық және институционалдық реформалар» атты тақырыптық конференция ұйымдастырды.

Іс-шара Бразилия университетінің (UnB) жанындағы «Memorial Darcy Ribeiro» орталығында «Қазақстан – Бразилия» достық форумы отырысының кезекті жиыны форматында өтіп, оған Бразилия астанасының қоғамдық-саяси және сарапшылық топтарының өкілдері қатысты.

Қазақстанның Бразилиядағы Елшісі Болат Нүсіпов өзінің алғы сөзінде қатысушыларды Қазақстандағы саяси трансформацияның негізгі бағыттарымен, мемлекеттік басқарудың жаңа архитектурасымен және Құрылтайдың өкілеттіктерімен таныстырып, сондай-ақ Астанада өтетін алдағы халықаралық іс-шаралар жайында хабардар етті.

Бразилия тарапынан негізгі баяндамашылар қатарында бірқатар танымал қоғам қайраткерлері, экономистер және жергілікті журналистер болды.

Атап айтқанда, «Қазақстан – Бразилия» достық форумының президенті, бұрынғы сенатор Улиссес Ридель өз сөзінде Қазақстанда жүргізіліп жатқан конституциялық және ауқымды саяси реформаларға жоғары баға беріп, Қазақстан халқына реформаларды іске асыруда табыс және жаңа Құрылтайдың одан әрі жемісті жұмысына сәттілік тіледі.

Сондай-ақ Бразилиялық саясаткер 2026 жылғы 7 қазанда өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Хатшылығының XXIV отырысына ерекше мән берді.

«Бразилия – Қазақстан» Сауда-өнеркәсіп палатасының президенті Касьяно Виана мемлекеттік басқару саласында жүзеге асырылып жатқан реформалар мен жаңа Парламенттің қызметі Қазақстанның инвестициялық тартымдылығының артуына және елдің әлемдік қоғамдастықпен сауда-экономикалық байланыстарының кеңеюіне елеулі серпін беретінін атап өтті.

«Демократия мониторингі» институтының президенті, белгілі сарапшы Марсио Коимбра Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси реформалар үдерісіне жан-жақты тоқталып, демократиялық институттарды дамыту және сайлау үдерісін жетілдіру мәселелеріне ерекше назар аударды.

Бразилиялық «Diplomacia Business» ақпарат агенттігінің бас редакторы Эльна Соуза биылғы 29-31 шілде аралығында Астанада өткен «Болашақ ойындары» халықаралық мультиспорттық турниріне қатысуынан алған әсерімен бөлісті. Бразилиялық журналист Қазақстанда туризмді дамыту үшін үлкен әлеует бар екенін атап өтті.

Жергілікті «Brasília in Foco» бұқаралық ақпарат құралының журналисті Габриэль Скорзин өз кезегінде 2026 жылғы 23 тамызда Астанаға жасаған сапары барысында Құрылтай депутаттарын сайлауды ақпараттық жариялау тәжірибесі жөнінде баяндады. Журналист Қазақстандағы сайлау үдерісінің дайындалуы мен өткізілуіне жоғары баға берді.

Жалпы, кездесу барысында бразилиялық қатысушылар Қазақстанда жүргізіліп жатқан конституциялық реформалар мен елдің саяси жүйесіндегі өзгерістерге үлкен қызығушылық танытты. Іс-шара соңында қатысушыларды қызықтырған мәселелер, сондай-ақ Қазақстан-Бразилия екіжақты ынтымақтастығының жекелеген аспектілері бойынша жан-жақты пікір алмасу өтті. Сонымен қатар, кездесу қатысушылары Достық форумының 2027 жылға арналған жұмыс жоспарларын талқылады.

 

Екіжақты қатынастар
28 августа 2026
Сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелері талқыланды

Бразилиа, 2026 жылғы 27 тамыз - Қазақстанның Бразилиядағы Елшілігінде Қазақстанның Бразилиядағы Елшісі Болат Нүсіповтің “BGI Brazil” Президенті және “BGI GLOBAL” Вице-президенті, белгілі бразилиялық заңгер Вашингтон Фонсекамен кездесуі өтті.

Тараптар Қазақстан мен Бразилия арасындағы, атап айтқанда Сан-Паулу штатымен сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін талқылап, өзара қызығушылық тудыратын бірқатар жобалар бойынша пікір алмасты.

Қазақстан Елшісі әңгімелесушісін елде жүргізіліп жатқан саяси реформалармен, атап айтқанда заң шығарушы билік тармағы мен мемлекеттік басқару институттарын қайта құру жөніндегі өзгерістермен, оның ішінде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдау және бір палаталы парламент – Құрылтайды сайлау мәселелерімен таныстырды.

Вашингтон Фонсека өз кезегінде Елшіні “BGI” желісінің қазіргі қызметі және Қазақстанның халықаралық аренадағы маңызының артуын ескере отырып, Астана қаласында өкілдік ашу жөніндегі ниетін білдірді.

Елші Болат Нүсіпов кездесу соңында жемісті ынтымақтастық үшін сұхбаттасушыға алғысын білдіріп, екі мемлекет арасында дипломатиялық қатынастардың орнағанына 33 жыл толуына орай Қазақстан-Бразилия екіжақты қатынастарын нығайтуға және кеңейтуге қосқан үлесі үшін оған Елшіліктің Алғыс грамотасын табыстады.

Анықтамалық: BGI (Balms Group International) – корпоративтік және экономикалық сипаттағы қызметтер көрсететін тәуелсіз заң фирмалары мен компаниялардың халықаралық желісі. Испанияда құрылған желі трансшекаралық мәмілелерді сүйемелдеу және күрделі халықаралық сот дауларын жүргізу мақсатында заң фирмарын біріктіреді. “BGI Global” 5 құрлықтағы 50 елде ұсынылған және корпоративтік құқық, жылжымайтын мүлік, халықаралық салықтық кеңес беру, еңбек құқығы және иммиграциялық заңнама салаларында үйлестірілген заң қызметтерін көрсететін 700-ден астам заңгерді біріктіреді.

 

Екіжақты қатынастар
26 августа 2026
Федералдық округ үкіметі Елшіліктің қызметіне жоғары баға берді

Бразилиа, 2026 жылғы 26 тамыз – Бразилия астанасының Федералдық округі үкіметінде Қазақстанның Бразилиядағы Елшісі Болат Нүсіповтің Федералдық округ вице-губернаторы, халықаралық мәселелері жөніндегі хатшы Пако Бриттомен кездесуі өтті.

Қазақстан Елшісі кездесу барысында сұхбаттасын елде жүргізіліп жатқан мемлекеттік басқару саласындағы реформалармен, сондай-ақ бір палаталы Құрылтайға өткен парламенттік сайлаудың қорытындылары аясында Қазақстанның саяси жүйесінде жүзеге асырылып жатқан ауқымды өзгерістермен таныстырды.

Сонымен қатар екіжақты ынтымақтастық мәселелері, атап айтқанда, екі мемлекеттің астаналары арасындағы ықпалдастықты кеңейту мәселелері талқыланды. Бразилия тарапы кездесу барысында Қазақстанның Бразилиядағы Елшілігінің белсенді және бастамашыл дипломатиялық қызметіне жоғары баға берді. Атап айтқанда, Хатшы Пако Бритто Елшіліктің тиімді қызметін және екіжақты қарым-қатынастарды нығайту мен кеңейтуге, сондай-ақ Федералдық округ қауымдастығын дамытуға қосқан елеулі үлесін атап өтті.

Кездесу соңында Федералдық округ губернаторы Селина Леон ханымның атынан Елші Болат Нүсіповке елордадағы белсенді дипломатиялық қызметі және Федералдық округпен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін Алғыс сертификаты салтанатты түрде табысталды.

Екіжақты қатынастар
26 августа 2026
Даму мақсатындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды

Бразилиа, 2026 жылғы 25 тамыз – Қазақстанның Бразилиядағы Елшісі Болат Нүсіпов Бразилияның Халықаралық ынтымақтастық агенттігі (ABC) директорының орынбасары, Елші Луиза Лопес да Силвамен кездесті.

Қазақстан Елшісі кездесу барысында сұхбаттасына бір палаталы Құрылтай депутаттарын сайлау және «Қазақстан Халық Кеңесі» құрамын қалыптастыру қорытындылары жөнінде хабардар етті. Сонымен қатар «ABC» пен Қазақстанның «KazAID» халықаралық даму агенттігі арасында дамуға ресми көмек көрсету саласында екіжақты ынтымақтастық орнату бойынша уағдаластықтар талқыланды.

Сондай-ақ Қазақстандық дипломат бразилиялық әріптесіне «KazAID» агенттігінің «ABC» агенттігінің Бас директоры, Елші Руй Карлос Перейраға (Ruy Carlos Pereira) 2026 жылғы 10 қыркүйекте Алматы қаласында өтетін Даму саласындағы жаңа әріптестердің (EDP) үшінші жыл сайынғы отырысына қатысуға шақыруын табыстады. Аталған іс-шара Қазақстан Республикасының Үкіметі қамқорлығымен, «KazAID» агенттігінің тең төрағалығымен және БҰҰ-ның Азия және Тынық мұхиты үшін Экономикалық және әлеуметтік комиссиясының (ЭСКАТО) қолдауымен өтеді.

Анықтамалық: Бразилияның Халықаралық ынтымақтастық агенттігі (ABC) 1987 жылы құрылған. Ол Бразилияның Сыртқы істер министрлігі жанындағы мемлекеттік мекеме болып табылады және дамуға ресми көмек (ДРК) бағдарламаларын іске асырады. Агенттіктің миссиясы – Бразилияның мемлекеттік және жеке сектор ұйымдарымен, сондай-ақ басқа да халықаралық ұйымдармен және шетелдердің осыған ұқсас мекемелерімен әріптестік негізде жүзеге асырылатын ұлттық және халықаралық ынтымақтастық жобаларына Бразилия тарапынан көрсетілетін қолдауды басқару.

Екіжақты қатынастар
19 августа 2026
Қала құрылысы және заманауи сәулет саласындағы ынтымақтастық

Бразилиa, 2026 жылғы 19 тамыз — Қазақстан Республикасының Бразилия Федеративтік Республикасындағы Елшілігінде Қазақстанның Бразилиядағы Елшісі Болат Нүсіпов пен «Оскар Нимейер» қорының Президенті Жозе Фернандо Апаресидо де Оливейраның кездесуі өтті.

Кездесу барысында қала құрылысы, заманауи сәулет мен дизайн, және сәулет-құрылыс салаларындағы мамандарды даярлау бағыттарында екіжақты ынтымақтастықты дамыту перспективалары талқыланды.

Қор Президенті 2008 жылы Оскар Нимейердің Астана қаласында Мәдениет орталығы ғимаратының жобасын әзірлегенін атап өтті. Сондай-ақ, ол әйгілі сәулетшінің идеяларының өзектілігін атап өтіп, Нимейердің жобасын жүзеге асыруға бразилиялық тараптың қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.

Елші Болат Нүсіпов сұхбаттасына Астананың заманауи сәулеттік дамуы, сондай-ақ Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан ауқымды саяси және институционалдық реформалар туралы баяндады.

Кездесу қорытындысы бойынша «Оскар Нимейер» қоры мен қазақстандық әлеуетті серіктестер арасында өзара қызығушылық тудыратын жобалар бойынша диалогты қайта жандандыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

 Анықтамалық: «Оскар Нимейер» қоры (Fundação Oscar Niemeyer) — көрнекті бразилиялық сәулетші Оскар Нимейердің сәулет және мәдени мұрасын сақтау, қорғау және насихаттау мақсатында 1988 жылы құрылған коммерциялық емес ұйым. Қор сәулетшінің мұрасын сақтау, авторлық құқықтарды басқару, сондай-ақ заманауи сәулет пен қала құрылысына арналған көрмелер, дәрістер және білім беру бағдарламаларын ұйымдастырумен айналысады. Қордың бас кеңсесі мен мәдени кешені Рио-де-Жанейро штатының Нитерой қаласында орналасқан.

 

 

Екіжақты қатынастар
18 августа 2026
"Tramontina" Қазақстанның нарығына шығуға мүдделі

Астана, 2026 жылғы 18 тамыз – Бразилиялық «Tramontina» компаниясының Басқарушы директоры Линда Роденің Астанаға жасаған сапары барысында Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров және Қазақстанның «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының кеңесшісі Қанат Алинмен кездесулері өтті.

Тараптар, келіссөздер барысында бразилиялық брендттің Қазақстан нарығына ілгерілету бойынша ынтымақтастықтың, сондай-ақ тараптардың әлеуетін ескере отырып, инвестициялық ықпалдастықтың жолдары мен мүмкіндіктерін талқылады.

Анықтамалық: Бразилиялық метал өңдеуші «Tramontina» компаниясының негізі 1911 ж. қаланған, штаб-пәтері Карлос-Барбоза қ. (Риу-Гранди-ду-Сул штаты) орналасқан. Бүгінде компания, асүй керек-жарақтары мен қондырғыларын, тұрмыстық техниканы, ауыл шаруашылығы, бағбандық, өнеркәсіп пен автомобиль қызметі үшін құрал-саймандар, азаматтық құрылыс, электроматериалдар, ағаш және кезейін жиһаздарын, сондай-ақ жетелемелі қондырғыларды қоса алғанда тауарлардың 22 мың түрлерін шығарады.

 

 

Екіжақты қатынастар
15 августа 2026
Көлік құралдарын аукцион арқылы сату

Қазақстан Республикасының Бразилия Федеративтік Республикасындағы Елшілігі мүдделі тараптарды келесі көліктерді сатып алу үшін баға ұсыныстарын жабық түрде тапсыруға шақырады:

Аукцион 2026 жылдың 1 қыркүйегінде сағат 10:00-де өтеді деп жоспарлануда:

№ 1 лот

Toyota Sequoia

Модель / Жыл: Toyota Sequoia Limited , 2015

Қозғалтқыш көлемі :    5700 текше см

Жанармай :                    Бензин

Түсі:                               Қоңыр

Орындық саны : 7

Жүріп өткен жолы:                           164 073 км

Жалпы жағдайы: техникалық ақауы бар, жөндеу қажет

Бастапқы бағасы:                    $ 6,778.08

Кепілдік депозиті:         $ 1,016.71

Сауда-саттық аукцион әдісімен өткізіледі : бағаны көтеру арқылы

Аукцион қадамының бастапқы бағадан 5%-ға өсуі = $ 338.90

 

Лот №2

№2 лот

Көлік: BMW 740 I KA41

Үлгісі/жылы: BMW 740 I KA41, 2013 ж.

Қозғалтқыш көлемі  :   2979 см³

Жанар май :                   Бензин

Түсі:                               Көк

Орындық саны :           5

Жүріп өткен жолы:  160 273 км

Жалпы жағдайы: техникалық ақауы бар, жөндеу қажет

Бастапқы бағасы:                    $4,844.90

Кепілдік депозиті:         $726.65

Сауда-саттық аукцион әдісімен өткізіледі : бағаны көтеру арқылы

Бастапқы бағадан аукцион қадамының 5%-ға өсуі = $242,25

Аукцион өтетін орын : Қазақстан Республикасының  Бразилия Федеративтік Республикасындағы Елшілігі

жергілікті уақыт бойынша сағат 10:00: Сент- де Хабитачёлар Жеке тұлғалар Sul QL 24 Casa 20 - Lago Sul , Brasília - DF, 71665-075 тел: + 55 61 999 32 12 28

Кепілдік жарнасын төлеу келесі мәліметтерге сәйкес жүзеге асырылады:

Бенефициар : Қазақстан Республикасының Бразилия Федеративтік Республикасындағы Елшілігі, Banco Rendimento S/A, EMBAIXADA DA REPUBLICA DO CAZAQUISTAO, IBAN: BR4968900810000034442113018C1, SWIFT коды: RENDBRSP, CCME 292968 (тек АҚШ доллары)

  1. Көлік құралдары қазіргі күйінде («қазіргі күйінде») сатылады. Саудаға қатысушылар осы тізімді мұқият оқып, баға ұсыныстарын бермес бұрын көлік құралдарын тексеруі тиіс. Көлікті тексеріп, баға ұсынысын беру арқылы саудаға қатысушылар осы тізімде көрсетілген шарттар мен талаптарды оқып, келісетінін растайды; олар көлік құралдарын жақсартуды, өзгертуді немесе жөндеуді талап етуге құқылы емес.
  2. Баға ұсыныстары жоғарыда көрсетілген бастапқы бағалардан төмен болмауы керек. Ең жоғары баға ұсынған адам көлік құралын сатып алу құқығын жеңіп алады және аукцион нәтижелері Қазақстан елшілігінде жарияланған күні толық бағаны немесе баға ұсынысының 15% көлемінде қайтарылмайтын депозитті төлеуге міндетті. Жеңімпаз баға ұсынысы нәтижелер жарияланғаннан кейін 30 күн ішінде қалған соманы толығымен төлеуге міндетті. Көлік құралы толық төлем жасалғаннан кейін 30 күн ішінде Қазақстан елшілігінен шығарылуы тиіс.
  3. Меншік құқығын қайта тіркеуге немесе тіркеуге байланысты барлық шығындарды, сондай-ақ тиісті салықтарды және басқа да байланысты шығындарды аукцион жеңімпазы көтереді.
  4. Егер жеңімпаз сауда-саттыққа қатысушы көрсетілген мерзімде төлем жасамаса, ол көлік құралын сатып алу құқығынан бас тартты деп есептеледі және жасалған кез келген төлемдерді, соның ішінде (шектеусіз) депозитті қайтару құқығынан айырылады.
  5. Сауда-саттыққа қатысушылар арасындағы сөз байласу және кез келген басқа да тиісті емес араласу түрлеріне қатаң тыйым салынады.
  6. Бразилия Федеративтік Республикасындағы Қазақстан Елшілігінің аукцион комисиясы мүшелеріне аукцион кезінде баға ұсыныстарын беруге немесе үшінші тұлғаларға олардың атынан әрекет етуді тапсыруға тыйым салынады.

Қызығушылық танытқан сатып алушылар көліктерді 2026 жылдың 17-28 тамыз аралығында жұмыс күндері Бразилия Федеративтік Республикасындағы Қазақстан елшілігінде тексере алады (тек алдын ала жазылу арқылы). Тексеру туралы өтініштер мен кез келген сұрақтарды Қазақстан елшілігіне embacazaque@gmail.com электрондық поштасы арқылы жіберуге болады

Социальные сети
Facebook
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары