
Бразилиа, 2025 жылғы 11 ақпан – Қазақстанның Бразилиядағы Елшісі Болат Нүсіпов органикалық соя өсіруге маманданған Бразилиялық Пара штаты компанияларының өкілдері Рауль Агилера, Клейтон Медейрос және Мауро Родригеспен келіссөздер жүргізді.
Келіссөздердің күн тәртібіне Қазақстанның Бразилияның Пара штатымен соя өсіру және өңдеу саласындағы өңірлік ынтымақтастықты орнату мәселелері енді. Елші 2023 жылғы желтоқсанда штат астанасы Белем қаласына жасаған жұмыс сапарының нәтижелерімен бөлісті.
Бразилиялық тарап, әңгімелесу барысында Қазақстанның шетелдік инвесторларды қолдау жөніндегі мемлекеттік шараларымен, аграрлық әлеуетімен, еліміздің көрші нарықтарға шыға отырып, орналасқан жерінің артықшылықтарымен танысып, оларға Қазақстанның соя өндірісі мен экспорты саласындағы мүмкіндіктері туралы презентациялық материалдар табысталды.
Бразилиялық компаниялардың өкілдері өз қызметін таныстыра отырып, аграрлық саладағы ынтымақтастықты құруға, сондай-ақ осы жылғы көктемде Қазақстанға келуге қызығушылық білдірді. Тараптар, диалогты жалғастыруға және қазақстандық әріптестермен келіссөздер өткізуге уағдаласты.