Кәсіби-техникалық оқыту саласында ынтымақтастық орнату туралы

Кәсіби-техникалық оқыту саласында  ынтымақтастық орнату туралы

Бразилиa, 2025 жылғы 5 ақпан - кәсіптік-техникалық білім беруді дамыту және қолдау бойынша тәжірибе алмасу шеңберінде Қазақстанның Бразилиядағы Елшісі Болат Нүсіпов Бразилияның Ұлттық өнеркәсіптік оқыту қызметінің (SENAI) директоры Густаво Леал Салес Филомен кездесу өткізді.

Келіссөздер барысында тараптар инженерлік және техникалық кадрларды даярлау саласындағы кооперацияның перспективаларын қоса алғанда, екі ел арасындағы кәсіптік-техникалық білім беру саласындағы екіжақты ынтымақтастықты арттыру мәселелерін талқылады. Қазақстан мен Бразилияның мүдделі ұйымдарының таныстырылымдары мен кездесулерін ұйымдастыру бойынша сұхбатты жалғастыру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.

Әңгімелесу барысында қазақстандық дипломат әңгімелесушіні ҚР-дың экономикалық және индустриялық-инновациялық дамуының негізгі аспектілерімен, атап айтқанда, Қазақстан Президенті Қ.К. Тоқаевтың 2025 жылы жарияланған жұмысшы мамандықтары жылы шеңберінде техникалық және кәсіптік білім беру студенттерін дамыту және қолдау жөніндегі Ұлттық орталық құру жөніндегі бастамасымен таныстырды. Осы тұрғыда Қазақстанда құрылып жатқан орталық пен Бразилияның Ұлттық өнеркәсіптік оқыту қызметі арасында әріптестік қатынастар орнату мүмкіндігі қарастырылды.

Өз кезегінде SENAI басшысы Елшіні Бразилияның индустриялық дамуының басымдықтары, елде өнеркәсіп секторы үшін мамандар даярлау бағдарламалары, халықаралық ынтымақтастығы жөнінде хабардар етіп, Халықаралық бағдарламалар шеңберінде осы бағыттағы ынтымақтастықты орнатуға мүдделілігін білдірді.

Анықтамалық: Ұлттық өнеркәсіптік оқыту қызметі (SENAI) 1942 жылы құрылды. Ұйым, Бразилия өнеркәсіп конфедерациясы (CNI)  құрған және қолдап отырған кәсіптік орта мектептер желісінен  тұрады. SENAI - өнеркәсіптің әртүрлі секторлары үшін мамандандырылған жұмысшыларды тәжірибелік оқытуды қамтамасыз ететін елдегі ең маңызды мекемелердің бірі. Қазіргі уақытта ұйым жаңа үдерістерді енгізу бойынша Индустрия 4.0 цифрлық оқытуды белсенді түрде ілгерілетуде. Бразилияның барлық штаттарында SENAI-дың 744 операциялық бөлімшелері бар, олар 1800-ден астам курстар ұсынады. Жалпы SENAI 23 технологиялық салада 73 млн. астам жұмысшыларды оқытты. Қазіргі уақытта, ұйым Бразилияның 5301 муниципалитеттерінде жұмыс істейді.