
Бразилиа, 2024 жылғы 4 қыркүйек - Қазақстанның Бразилиядағы Елшісі Болат Нүсіпов Бразилия ботаникалық бағының директоры Аллан Фрейр Барбоза да Силвамен кездесіп, оның барысында Бразилия тарапына «Апорт» алматылық алмаағашының бірнеше көшеттерін табыстады.
Қазақстан Елшісі әңгімелесушіге Іле Алатауының баурайынан бастау алатын және әлемдегі барлық алманың атасы болып табылатын сиверс алма сортының ерекшеліктері мен бірегейлігін, сондай-ақ оның Алматы қаласы үшін нышандық маңызын айтып берді. Сондай-ақ, бұл алма ағашының Бразилияда пайда болуы, Қазақстанның жергілікті тұрғындар мен шетелдік туристер арасында танымалдылығының артуына ықпал ететіні атап өтілді.
Директор құнды жәдігер үшін шын жүректен алғысын білдіріп, алмадан ауыз тию барысында қазақстандық жемістің дәмдік қасиеттеріне жоғары баға берді. Оның пікірінше, бұл сорт алғаш рет Оңтүстік Америка құрлығында ұсынылатын болады және бразилиялықтар үшін Бразилия астанасының Ботаникалық бағында алма ағашының осы ерекше түрін ұсыну үлкен мәртебе.
Тараптар тиісті күтіммен алма ағашының бұл сорты жергілікті табиғи жағдайларға бейімделіп, алғашқы жемістерін береді деп үміт білдірді. Кездесу соңында тараптар екіжақты қатынастарды дамыту үшін осы пилоттық ғылыми-мәдени жобаның маңыздылығын атап өтіп, ынтымақтастықтың сындарлы диалогын жалғастыруға келісті.