Чили СІМ-де екіжақты ынтымақтастықтың сағаттары теңестірілді

Чили СІМ-де екіжақты ынтымақтастықтың сағаттары теңестірілді

Сантьяго, 2024 жылғы 24 шілде - Чили Республикасына жұмыс сапары барысында Қазақстан Елшісі Болат Нүсіпов Чилидің Сыртқы істер вице-министрі Родриго Олсенмен, Халықаралық экономикалық қатынастар жөніндегі Вице-министр Клаудия Сануезамен және Азия және Тынық мұхиты аймағының жетекшілік ететін департаментінің директоры Пабло Аррнаранмен келіссөздер жүргізді.

Келіссөздердің күн тәртібінде 2023 жылғы 23 тамыздағы Сантьяго қаласындағы үшінші саяси консультациялардың қорытындылары бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру, сондай-ақ екіжақты саяси және сауда-экономикалық ынтымақтастықты арттыру мәселелері енгізілді. Елші Чили СІМ басшылығына ҚР Сыртқы істер министрінің Бірінші орынбасары Ақан Рахметуллиннің Астана қаласындағы төртінші сімаралық консультацияларға ресми шақыруын тапсырды.

Келіссөздер барысында Елші әңгімелесушілерді Сантьягода өткен Чили сенаторларының бастамашыл тобымен, тау-кен министрлігінің басшылығымен және Чили компанияларымен кездесулер туралы хабардар етті. Осы тұрғыда сыртқы саяси ведомствоға Чили Парламенті Сенатында парламентаралық достық тобын, тау-кен саласындағы ынтымақтастық жөніндегі ведомствоаралық Жұмыс тобын, сондай-ақ «Қазақстан-Чили» іскерлік кеңесін құруды қолдау туралы өтініш білдірілді. Тараптардың пікірінше, аталған институттарды құру екіжақты ынтымақтастықты әртараптандыруға және неғұрлым сапалы деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.

Саяси форматта екі елдің халықаралық алаңдарда өзара іс-қимылы, соның ішінде бастамалар мен кандидатураларға өзара қолдау алмасу мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, Чили СІМ Дипломатиялық академиясының желісі бойынша тағылымдамалардан академиялық алмасуды жолға қою туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Консулдық мәселелер саласында Қазақстан Елшісі туристік және іскерлік алмасудың өсуіне ықпал ететін мемлекеттер арасында толыққанды визасыз режим құру қажеттігін атап өтті.

Экономикалық ынтымақтастық жолында тараптар өзара іскерлік миссияларды ұйымдастыру және сауда және инвестициялық өзара іс-қимылды кеңейту жөніндегі бастаманы қолдады. Қазақстан елшісі Халықаралық экономикалық қатынастар жөніндегі Вице-министр К.Сануэзаны Қазақстандағы ағымдағы инвестициялық ахуалмен, шетелдік инвестицияларды мемлекеттік қолдау шараларымен таныстырды. Осы кездесуге қатысқан «Ұлттық технологиялық болжау орталығы» РМК Бас директоры А.Ыдышев К.Сануезеге литий өндіру және қайта өңдеу саласындағы ынтымақтастық жобасын ұсынды.