Бразилияда Димаш Құдайберген фан-клубының жобасы іске асуда

Бразилияда Димаш Құдайберген фан-клубының жобасы іске асуда

Бразилиа, 2024 жылғы 31 мамыр - Қазақстанның Бразилиядағы Елшілігінде ҚР Елшісі Болат Нүсіпов Димаш Құдайбергеннің «DQFCB» фан-клубының белсенділерімен кездесті.

Бұл Бразилиялық фан-клуб әлемге әйгілі қазақстандық әншінің жанкүйерлерінің ең үлкен (7 мыңнан астам адамнан тұратын) бірлестігі болып табылады. Осы бірлестік қызметінің арқасында Бразилиялық жанкүйерлер қазақ тілін үйреніп, белгілі қазақ әндері мен өлеңдерін орындай отырып, шығармашылық кештер ұйымдастырып, қазақстандық спортшылар қатысатын түрлі спорттық іс-шараларға да белсенді қатысады.

Кездесу барысында Бразилиялық қонақтар ҚР Елшісіне «Димаш жолда» атты «DQFCB» фан-клубы жаңа жобасының іске асырылуы туралы ақпарат берді. Жоба қазақстандық әншінің өмірі мен шығармашылығын ілгерілету және Д.Құдайбергеннің 30 жылдық мерейтойына орай челлендждер ұйымдастыру аясында іске қосылды. Сан-Паулу және Бразилиа қаласының көшелерімен «Димаш Құдайбергеннің ерекше дауысын тыңдап көріңіздер» делінген QR коды мен Димаштың суреті бар автобустар жүре бастады.

Автобус аялдамаларында және көліктің өзінде Бразилия қалаларының тұрғындары QR кодты сканерлеп, Димаштың «SOS d' un Terrien En Détresse» әнін тыңдай алады. Өз тарапынан қазақстандық дипломат Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлеріне қазақстандық орындаушының шығармашылығын, еліміздің мәдениеті мен имиджін ілгерілетуге қосқан үлестері мен қызығушылықтары үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ фан-клуб қатысушыларының алдағы жобаларын қолдауға дайын екендігін білдірді.