Қазақстанның Бразилиядағы Құрметті консулдарымен кездесу

Қазақстанның Бразилиядағы Құрметті консулдарымен кездесу

Бразилиа, 2024 жылғы 10 мамыр – ҚР Сыртқы істер министрінің Бірінші орынбасары Қайрат Омаров Қазақстанның Бразилиядағы Елшілігінде ҚР-дың Бразилиядағы Құрметті консулдары және оған үміткер тұлғалармен кездесті.

Қ. Омаров кездесуге қатысушыларға Қазақстанның ағымдағы дамуы, елімізде жүргізіліп жатқан реформалар мен Астананың сыртқы саяси сахнадағы белсенділігі туралы айтып берді. Бразилиямен екіжақты ынтымақтастықтың негізгі басымдықтарын белгілей отырып, елдер арасындағы диалогты нығайту және Қазақстан Республикасы азаматтарының шетелдегі құқықтарын қорғау үшін құрметті консулдар институтының маңыздылығын атап өтті. Қазақстандық дипломат Бразилиялық қатысушыларды Бразилия өңірлерінде Қазақстанның мүдделерін белсенді ілгерілетуге шақырды.

Құрметті консулдар мен оған үміткерлер өз сөздерінде өздері өкілдік ететін Бразилияның аймақтарын таныстырып, Бразилия штаттарының Қазақстанмен сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын түзуге қатысты өз көзқарастарымен бөлісті.

Іс-шараға «Қазақстан-Бразилия» Сауда-өнеркәсіп палатасының Президенті Кассиано Перейра Виана, ҚР-дың Мату Гроссо-ду-Сул штатындағы Құрметті консулы Алипио Оливейра, сондай-ақ ҚР-дың Құрметті консулдығына үміткерлер: Сунг Ун Сонг (Минас-Жерайс штаты), Алекс Гарсиа (Баия штаты), Питер Феист (Санта-Катарина штаты), Педро Анрике Гарсиа Демори (Парана штаты) және  Хосе Медейрос Нето (Пара штаты) қатысты.