
Бразилиа, 2024 жылғы 9 мамыр – Қазақстан Сыртқы істер министрінің Бірінші орынбасары Қайрат Омаров Бразилияға жұмыс сапары барысында Бразилияның халықаралық ынтымақтастық жөніндегі агенттігінің (ABC) директоры Елші Руй Перейрамен кездесу өткізді.
Бразилиялық тарап, халықаралық жобаларға назар аудара отырып, Агенттік қызметінің толыққанды таныстырылымын өткізді. Қазақстандық дипломат өз кезегінде, сұхбаттасушыны дамуға ресми көмек көрсетудің қазақстандық жүйесінің (ДРК) сүбелі нәтижелерімен, сондай-ақ Орталық Азия елдері мен Ауғанстандағы дамуға жәрдемдесу тәжірибесімен таныстырды. Бұл ретте, Қ.Омаров 2020 жылы Қазақстанда құрылған "KazAID"агенттігінің мақсаттары мен міндеттері жөнінде айтып берді.
Тараптар, екі елдің ұлттық операторлары арасында серіктестік қатынастар орнатуға өзара қызығушылықтарын білдірді.
Анықтама: Бразилия СІМ жанындағы Бразилия ынтымақтастық агенттігі (ABC) 1987 жылы құрылған және ДРК саласындағы Оңтүстік Америкадағы жетекші ұйым болып табылады. ABC 130-дан астам Бразилиялық мекемелердің қатысуымен Латын Америкасы, Азия, Африка, Еуропа және Мұхит өңірінің 110 елінде 7000-нан астам техникалық ынтымақтастық жобаларын жүзеге асырды.