
Бразилиа, 2024 жылғы 9 мамыр – Бразилия астанасында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің Бірінші орынбасары Қайрат Омаровтың Бразилия Ұлттық конгресінің екі палатасының парламентшілері сенатор Эспиридао Амин мен депутат Клаудио Кажаду бастаған«Қазақстан – Бразилия» достық топтарының мүшелерімен кездесуі өтті.
Қазақстандық дипломат өз сөзінде парламентшілерді Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалардың барысымен таныстырып, мемлекеттік институттарды нығайтуға бағытталған конституциялық реформаның мәнін түсіндірді. Сондай-ақ, Қ.Омаров жаһандық күн тәртіп пен халықаралық алаңдардағы ықпалдастық тұрғысындағы еліміздің сыртқы саясатының негізгі басымдықтарын таныстырды. Қазақстандық дипломат Бразилияның Оңтүстік Америка өңіріндегі Қазақстанның негізгі серіктесі ретіндегі рөлін атап өтіп, парламенттік дипломатияның саяси диалогты нығайтудағы маңыздылығына назар аударды.
Сенатор Э.Амин өз кезегінде, қазақстандық тарапқа өткен жылы Парламенттер жоғарғы палаталарындағы достық топтарының екінші отырысын өткізу үшін парламенттік делегацияның Қазақстанға сапарын ұйымдастырғаны үшін алғысын білдірді. Депутат К.Кажаду осы жылғы қарашада Бразилия парламентінің төменгі палатасы делегациясының Астанаға жоспарланған сапары туралы хабарлады. Бразилия парламентшілері өз сөздерінде Қазақстанның ағымдағы дамуына жоғары баға беріп, ел басшылығына реформалар мен қойылған мақсаттарды іске асыруда табыс тіледі.