
Гвадалахара, 2024 жылғы 26 наурыз – Латын Америкасындағы «ICPC: Programadores de América» өңірлік бағдарламалау олимпиадасының нәтижелері бойынша Бразилия университеттерінің, атап айтқанда Әскери-инженерлік институты, Сан-Паулу университеті (2 топ), Санта-Катарина мемлекеттік университеті, Кампинас университеті, Гояс федералдық университеті, Минас-Жерайс федералды университеті және Рио-де-Жанейро федералдық университетінің сегіз студенттік командасы Астана қаласында 15-20 қыркүйек аралығында өтетін ICPC олимпиадасының финалына жолдама алды.
Бразилиялық достарымызды құттықтаймыз және Қазақстанда күтеміз!
Анықтамалық: «International Collegiate Programming Competition» (ICPC) – 1977 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келе жатқан бағдарламалау саласындағы студенттер арасындағы ең беделді олимпиада. Латын Америка университеттері атынан 35 команда қатысқан өңірлік байқауда студенттерге 8 бағдарламалау есебін шешу талап етілді. Олимпиада тарихында алғаш рет беделді турнирдің финалы Қазақстанда өтеді және бұл туралы жаңалық «Digital Bridge 2023» халықаралық форумы барысында жарияланды.