
Бразилиa, 2024 жылғы 15 ақпан - Бразилия астанасының «Тисиана Вернер» джаз музыкасы клубында белгілі қазақстандық музыкант Полина ханымның «Qazaq Bossa Nova» атты шығармашылық кеші өтті.
Іс-шара барысында оның орындауында алғаш рет қазақ тілінде аударылған және орындалған «garota de Ipanema», «Insensatez», «Corcovado» және басқа да көптеген Бразилиялық классиктердің жауһарлары орындалды. Сонымен қатар, әндер репертуарында қазақ және португал тілдерінде орындалған қазақ авторларының классикалық шығармалары болды. Олардың арасында Абай Құнанбаев, Шәмші Қалдаяқов, Ахмет Жұбанов бар.
Полина Ханым өз сөзінде айтқандай «менің басты мақсатым әуеннің, мәтіннің және мағынаның органикалық симбиозын сақтау болды. Мен бұл әндерді орындаушының дауысымен үйлесімді үндестіріп қана қоймай, тыңдаушыларға қазақ тілінің ғажайып сұлулығын ашатындай етіп аударуға тырыстым». Әндерді португал тілінен қазақ тіліне аудару қазақ ақынының Наргиз Макраеваның қолдауымен жүзеге асырылды.
«Qazaq Bossa Nova» жобасы әсерлі вокал және лүпілді ырғақпен үйлесімде әйгілі босса-нованың қазақ нұсқасындағы батыл өзгеше түрін сипаттайды. Бұл синглдің мән-мағынасы - бразилиялық боссанова мен қазақ тіліне деген терең сүйіспеншілік. Боссанованы шет тілдеріне аудару тәжірибесі бүкіл әлемде танылған. Мысалы, «garota de Ipanema» (Ипанема қызы) әні ағылшын, испан, итальян, француз, неміс және т.б. тәрізді көптеген тілдерге аударылды. Енді оның қазақ тіліне бейімделуі, әлемде бұрын-соңды болмаған жаңашылдық.
Боссанова-жергілікті фольклор мен джаздың синтезі болып табылатын танымал бразилиялық музыканың негізгі жанрларының бірі, Рио-де-Жанейро қаласында 50-жылдардың соңында пайда болды. Бұл жанр елдің «маңдай алды өнерлерінің» бірі және Бразилияның ұлттық игілігі болып табылады.
Боссанова жанрындағы шығармалардың қазақ тілінде пайда болуы, джаз музыкасы әлеміндегі маңызды жетістік және осы бағыттағы қазақстандық өнердің тұздығы болып табылады.