
г.Белен, 2023 жылғы 29 желтоқсан - Қазақстанның Бразилиядағы Елшісі Болат Нүсіпов Бразилияның Пара штатына жұмыс сапары барысында Федералды Туризм министрі Селсо Сабино, штаттың Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі хатшысы (министр) Паулу Бенгтcон, Белен қ. әкімі Эдмилсон Родригес, штаттың заң шығарушы органының (парламенттің) спикері Джон Уэйн және Пара штатының сауда-өнеркәсіп ассоциациясының басшылығымен кездесулер өткізді.
Кездесу барысында Пара штаты мен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және өңіраралық ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Қазақ дипломаты сұхбаттанушыларды ҚР мен ФРБ арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығымен құттықтап, 2025 ж. Белен қаласында СОР30 мерейтойлық конференциясының сәтті өткізілуін тілеп, Амазонка бассейнінің климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі маңыздылығын атап өтті.
Бұл тұрғыда, тараптар, БҰҰ-ның климаттың өзгеруі жөніндегі 30-шы Конференциясының (COP-30) дайындық-ұйымдастырушылық мәселелерін, соның ішінде ҚР делегациясының осы іс-шараға жоғары және жоғарғы деңгейдегі қатысуы ықтималдығын талқылады.
Штаттың үкіметі мен жергілікті Парламенттегі кездесулерде Елші, ҚР-дың ағымдағы саяси өміріндегі оқиғалары мен елдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы айтып берді. Атап айтқанда, ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы бойынша конституциялық реформаларының негізгі аспектілеріне, сондай-ақ Мемлекет басшысы еліміздің жаңа экономикалық бағытының қағидаттарын айқындаған «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты қыркүйектегі Қазақстан халқына жолдауының іске асырылуына баса назар аударды.
Елші, сауда-инвестициялық ықпалдастықты ілгерілету мақсатында, штаттың Экономикалық даму хатшысымен (министрімен) кездесуінде қазақстандық нарықтағы жалпы жағдай және ҚР-дағы инвестициялық қызметті мемлекеттік қолдау шаралары жөнінде толық ақпарат берді. П.Бенгстон, өз тарапынан Бразилия өңірінің ерекшеліктерін, сондай-ақ оның шаруашылық-экономикалық және туристік әлеуетін ескере отырып, ҚР-мен алдағы ынтымақтастыққа және өңіраралық ықпалдастықты кеңейтуге мүдделілік танытты.
Бразилияның Туризм министрі Селсо Сабино Қазақстан тарапын келесі жылдың тамызында Рио-де-Жанейро қаласында өткізілетін халықаралық туризм конгрессіне шақырды. Сондай-ақ, штат басшылығымен сұхбаттасу барысында Пара штатында ҚР Құрметті консулдығын ашу мәселесі талқыланып, бұл екі елдің өңіраралық ықпалдастығының кеңеюіне елеулі серпін бермек.
Анықтамалық: Пара штаты Бразилияның солтүстігінде орналасқан. Пара, Бразилиядағы екінші ең үлкен штат болып табылады. Штаттың ауданы - 1 248 000 шаршы шақырым, халқы 9 млн. адам шамасында. Астанасы - Белен (шамамен 2 млн. тұрғыны бар). Пара штаты экономикасының негізі - ауыл шаруашылығы және тау-кен өндірісі. Штатта Бразилия жаңғағы, каучук, ағаш дайындамалары өндіріледі. Парада маниока, қант қамысы, жүгері, бұршақ, джут, күріш, темекі және қара бұрыш тәрізді дақылдар өсіріледі. Сондай-ақ, штатта темір рудасының ең ірі кен орны ашылып, алтынның бай қоры барланды.