Бразилияның Мату-Гросу-ду-Сул штатында Қазақстанның Құрметті консулдығы ашылды

Бразилияның Мату-Гросу-ду-Сул штатында  Қазақстанның Құрметті консулдығы ашылды

Кампу-Гранди, 2023 жылғы 14 желтоқсан - Қазақстан Елшісі Болат Нүсіпов Бразилияның Мату-Гросу-ду-Сул штатына жұмыс сапары барысында Қазақстанның Құрметті консулдығының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Іс-шараға штаттың қоғамдық-саяси және іскер топтарының, сондай-ақ сарапшылар мен медиа қоғамдастықтың шамамен 200 өкілдері қатысты.

Құрметті консулдықтың ашылу салтанаты Қазақстаның Тәуелсіздік күні мен Қазақстан мен Бразилия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 30 жылдығына орайластырылды.

Іс-шара қонақтарына жергілікті Үкіметі Халықаралық мәселелер жөніндегі хатшысы (Министрі) Луиз Ренато, штаттың Жоғарғы Сотының төрағасы Сержио Фернандес Мартинс, штаттың депутаттар Палатасының (Парламент) төрағасы Жерсон Клару, сондай-ақ басқа да ресми тұлғалар құттықтау сөз айтты.

«Sementes Savana» компаниясының басқарма төрағасы Лусиано Феррейра соя өсірудің озық Бразилиялық технологияларын пайдалана отырып, жобаның тұсаукесерін ұсынды. Бразилиялық спикерлер Мату-Гросу-ду-Сул штатында Қазақстанның ресми өкілдігінің ашылуын жылы қарсы алып және еліміздің ағымдағы дамуы мен халықаралық беделін жоғары бағалай отырып, бұл оқиға штаттың Қазақстанмен кең ауқымды ынтымақтастығын жандандыруға қуатты серпін беретініне сенім білдірді.

Қазақстан Елшісі өз сөзінде Бразилия Қазақстан үшін Латын Америкасындағы негізгі саяси және экономикалық әріптес болып табылатынын және Бразилияның жетекші аграрлық-өнеркәсіптік өңірінде ресми өкілдігінің болуы, екіжақты ынтымақтастықты ауыл шаруашылығы, еліміздің мал шаруашылығы және сауда саласындағы нақты жобалармен толықтыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Баяндамада Қазақстанның мүдделерін ілгерілету, сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ еліміздің азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғау қажеттілігіне ерекше назар аударылды.

Қазақстандық дипломат Құрметті консулдықтың ашылуына достық қолдау көрсеткені үшін Бразилияның федералды үкіметі мен жергілікті Үкіметке алғысын білдіріп, өңірге танымал кәсіпкер Алипио Оливейраны Қазақстанның Құрметті консулы ретінде жұмысының басталуымен құттықтады.

Мату-Гросу-ду-Сул Бразилияның оңтүстік-батысындағы ірі штат болып табылады. Экономикасы негізінен ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығына бағытталған. Аталған штат елде соя мен сиыр етін өндіруден жетекші орынға ие. Қызмет көрсету саласы да ЖІӨ-нің ең үлкен құрамдас бөлігі болып табылады. Одан кейін өнеркәсіптік сектор. Штат Бразилиядан Тынық мұхиты жағалауына дейін көлік магистралін салу бойынша ауқымды көлік-логистикалық жобаны жүзеге асыруда.

Осы жылда Қазақстан мен Бразилия дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толады. Қазіргі уақытта бұл елде Қазақстанның үш Құрметті Консулдығы жұмыс істейді: Сан-Паулу, Санта-Катарина және Мату- Гросу-ду-Сул штаттарында.