Оңтүстік Америка Қазақстанның заманауи әдебиетімен танысуда

Оңтүстік Америка Қазақстанның заманауи әдебиетімен танысуда

Оңтүстік Америкадағы Қазақстанның бірден-бір шетелдік мекемесі болып табылатын Бразилиядағы ҚР Елшілігі Аргентина, Боливия, Колумбия, Парагвай, Перу, Уругвай, Чили, Эквадордың дипломатиялық өкілдіктеріне испан тіліндегі «Казіргі қазақ прозасының антологиясы» және «Казіргі қазақ поэзиясының антологиясы» атты қазақстандық кітаптарды аталған елдердің ұлттық кітапханаларына, жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтарына беру үшін табыс етті.

60 қазақстандық автордың таңдамалы өлеңдері, повестері мен әңгімелерін қамтитын бұл кітаптар Қазақстанның мәдениеті, әдебиеті мен тарихынан сыр шертетін бірегей ғылыми материал болып табылды.

Бұл қазақ әдебиетінің жинақтары ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен әзірленген «Рухани жаңғыру» бағдарламасының басты бағыттарының бірі болып табылатын «Жаһандық әлемдегі қазіргі қазақстандық мәдениет» атты әлемді қазақстандық мәдениетпен, еліміздің әдебиеттегі, музыкадағы, бейнелеу өнеріндегі, театрдағы және кинодағы жетістіктерімен таныстыруға бағытталған жобасы аясында БҰҰ-ның алты ресми тілінде жарық көрді.

Жалпы көлемі 1800 беттік екі антологияның әдеби аудармасын Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша және «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының қазақстандық аудармашы-мамандарының қолдауымен испандық «Visor-Libros» баспа үйі жүзеге асырды. Жобаның стратегиялық серіктесі және шығармашылық кеңесшісі Испанияның Мәдениет министрлігі жанындағы Сервантес институтының штаб-пәтерінде 2019 жылдың 27 қыркүйекте аталған кітаптардың тұсаукесері өтті.

Оңтүстік Америка елдерінде қазақстандық авторлар кітаптарының таралуы жергілікті тұрғындардың қазақ халқының рухани байлығы мен тарихына қызығушылығын арттырып, мәдениетаралық диалогты нығайтуға ықпал ететін болады.