
Бразилиа, 2023 жылғы 3 қараша – Қазақстанның Бразилиядағы Елшісі (Аргентинада қоса атқарушы) Болат Нүсіпов «Los Grobo» компаниясының президенті Густаво Гробокопотельмен (бейнеконференцбайланыс режимінде) кездесу өткізді. Аталған компания Аргентинадағы жетекші ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілердің бірі болып табылады және бүкіл ел бойынша 37 кеңсесі, 28 ауылшаруашылық қоймасы және 160 өкілі бар.
Кездесу барысында қазақстандық дипломат ҚР ауыл шаруашылығы саласының сауда-экономикалық мүмкіндіктері жөнінде хабардар етіп, елдің қолайлы инвестициялық ахуалы, мемлекеттің шетелдік инвесторларды қолдауы мен қорғау шаралары туралы айтып берді. Сондай-ақ Б.Нүсіпов сұхбаттанушыны ҚР Президенті Қ.Қ.Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағыты» жолдауының негізгі тұстарымен таныстырып, Густаво Гробокопотельді 2024 жылғы маусымда өтетін «Астана экономикалық форумына» шақырды.
Сонымен қатар, тараптар ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, өңдеу және сақтау, ауыл шаруашылығы техникасымен, химиялық заттармен және тыңайтқыштармен қамтамасыз ету саласындағы ықпалдастық мәселелерін, сондай-ақ өзара тиімді ынтымақтастықтың ықтимал жолдарын талқылады.
Г.Гробокопотель оның компаниясының бұдан бұрын Қазақстанмен орнатқан ынтымақтастық тәжірибесін атап өтіп, ҚР экономикалық және экспорттық әлеуетін оң бағалап, сондай-ақ қазақ тарапымен ауыл шаруашылығы саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігіне шынайы мүдделілігін танытты және келесі жылы ҚР-ға сапармен баруға дайын екенін білдірді.
Мәлім болғандай, биыл Қазақстан мен Аргентина дипломатиялық қарым-қатынастар орнауының 30 жылдығын атап өтуде.