
Бразилия, 2023 жылғы 24 қазан – Республика күніне орай Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясының Бразилиялық басылымының «Үмітсіздік» атты екінші томының тұсаукесері «Қазақ хандығы. Алмаз қылыш» тарихи көркем фильмінің көрсетілімімен бірге өткізілді. Аталған іс-шара қазақ халық әуендерінің музыкалық нөмірлерімен сүйемелденді. Ресми бөлім аяқталғаннан кейін кеш қонақтарына Қазақстан және Бразилия ұлттық тағамдарының элементтерімен қонақасы берілді.
Іс – шараны Қазақстанның Бразилиядағы Елшілігі «Қазақстан-Бразилия» Достық форумының қолдауымен Бразилия СІМ өкілдерінің, дипломатиялық миссиялары басшыларының, орналасу елінің мәдени-білім беру топтарының және жергілікті БАҚ-тың қатысуымен ұйымдастырды.
Кеш қонақтарына Қазақстанның Бразилиядағы Елшісі Болат Нүсіпов, Федералдық округтің мәдениет және креативті экономика жөніндегі хатшысы Фелипе Рамон, Ұлттық кітапхана директорының орынбасары Элиза Ракель Соуза Оливейра, Планетарлық Одақтың Вице-президенті Рудиней Маркес құттықтау сөздер жолдады.
«Көшпенділер» кітабының португал тіліне аудармасының авторы, «Қазақстан-Бразилия» достық қоғамының атқарушы директоры, профессор Эдельсио Америко сыртқы қауіптер жағдайында қазақ халқының ұлттық бірлік үшін күресін, қазақ қолбасшыларының Тәуелсіз Қазақ хандығын құру жолындағы батырлығын сипаттайтын Бразилиялық басылымның екінші томының ерекшеліктері туралы айтып берді.
Профессор Америко Ілияс Есенберлиннің бұл көркем туындысы көптеген шет тілдеріне, соның ішінде Бразилиядағы португал тіліне аударылуының арқасында бірқатар елдерде танымал екенін атап өтті. Жалпы, Эдельсио Америконың баяндамасында біздің мемлекетіміздің тарихи оқиғаларына, елдің қазіргі кезеңдегі даму стратегиясы мен жетістіктеріне баса назар аударылды. Мәлім болғандай, өткен жылы Қазақстан Елшілігі «Көшпенділер» тарихи трилогиясының «Дуалы қылыш» бірінші томының тұсаукесерімен «Бразилиядағы Қазақ кітапханасы» ауқымды жобасын бастап, оның аясында Бразилияда португал тілінде қазақ авторларының кітаптары шығарылатын болады.
Биыл Қазақстан мен Бразилия дипломатиялық қатынастардың орнауының 30 жылдығын атап өтуде.