Бразилиядағы Халықаралық Бейбітшілік күні

Бразилиядағы Халықаралық Бейбітшілік күні

Бразилиа, 2023 жылғы 21 қыркүйек – Қазақстанның Бразилиядағы Елшісі Болат Нүсіпов Құрметті қонақ ретінде Халықаралық бейбітшілік күнін мерекелеу аясында Бразилия Федералды Сенатының ұйымдастырған Бейбітшілік үшін атты іс-шараға қатысты. 

Іс-шараны ұйымдастырушы – Бразилия бейбітшілік Елшісі Мария Паула Фидалго қонақтарды ғаламшардағы бейбітшілік үшін әр түрлі мамандықтағы адамдардың өміріне, кәсіптеріне және күш-жігеріне арналған «Бейбіт әңгімелерге» шақырды. Сөз сөйлеген Бразилиялық саясаткерлер мен сарапшылар әлемде дінаралық келісім мен мәдени диалог құру жолдары туралы өз көзқарастарын ұсынды.

Бразилия планетарлық одағының президенті және «Қазақстан–Бразилия» Достық форумының құрметті президенті, экс-сенатор Улиссес Ридель қатысушыларды 2022 жылғы 14-15 қыркүйекте Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезінің қорытындыларымен таныстырды.

Бразилиялық саясаткер бүгінде Қазақстанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен елде этносаралық және конфессияаралық келісімді қамтамасыз ету саясаты жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Сондықтан әлемдік қоғамдастық үшін Съезді өткізу – қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді қалай құру қажеттігінің айқын белгісі. Конфессияаралық және этносаралық келісімнің қазақстандық моделі – діни толеранттылықтың, бірлік пен достықтың жарқын үлгісі екенін жеткізді.

Оның айтуынша, өкінішке орай, бүгінде әлемде ксенофобия, исламофобия, шовинизм және антисемитизм өсуде. Бұл халықаралық тұрақтылық пен қауіпсіздікке үлкен кедергі. Осы тұрғыда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Діни көшбасшылар бүкіл әлемде бейбітшілік орнатуға ықпал ете алады» атты мақаласының құндылығына назар аударды. Онда қазақстандық көшбасшы діндер мен халықтар арасындағы жаһандық диалогқа, оның ішінде қоғамдағы өзара түсіністік пен құрметке ықпал етуге діни көшбасшылар съезінің жұмысы арқылы жәрдемдесуге шақырады.