
Бразилия, 2023 жылғы 27 шілде – Қазақстан мен Уругвай арасындағы дипломатиялық қатынастарының орнатылғанына 30 жыл толуына орай Уругвайдың Бразилиядағы Елшілігінде екі елдің дипломатиялық өкілдіктерінің салтанатты құттықтау ноталарымен алмасу рәсімі және қабылдау өтті.
Қазақстан Елшісі Болат Нүсіпов пен Уругвай Елшісі Гильермо Валлес құттықтау сөзінде екі мемлекет арасындағы берік саяси диалогтың бар екенін және сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың даму динамикасының артып келе жатқанын атап өтті. Тараптар Уругвай мен Қазақстанды 30 жылдан бері өзара сыйластық пен түсіністік қағидаттарына негізделген достық байланыстырып келе жатқанын, географиялық алшақтыққа қарамастан екі елдің халықтары бір-біріне мәдени жағынан жақын екенін мәлімдеді. Дипломатиялық өкілдіктердің басшылары тығыз ынтымақтастық үшін бір-біріне алғыстарын білдіріп, табысты ынтымақтастықтың жалғасуы мен кеңеюіне сенім білдірді.
Осы орайлы сәтті пайдалана отырып, Қазақстанның Бразилиядағы Елшілігі барлық уругвайлық достар мен серіктестерді дипломатиялық қарым-қатынастардың мерейтойымен шын жүректен құттықтайды және біздің елдерімізге одан әрі табыс пен өркендеу тілейді.