
Бразилиа, 2023 жылғы 30 мамыр – Қазақстанның Бразилиядағы Елшілігінде Елші Болат Нүсіповтың Бразилия Ұлттық өнеркәсіп конфедерациясының (CNI) Вице-Президенті, Рио-Гранде-ду-Сул штаты Өнеркәсіп Федерациясының (FIERGS) Президенті Гилберто Порсело Петримен кездесуі өтті.
Әңгімелесу барысында тараптар Гилберто Петридің Қазақстанға жуырдағы сапарының қорытындыларын және 2023 жылғы 13 сәуірде Астанада өткен «CNI» және «QazIndustry» ҰК АҚ төрағалығымен Қазақстан-Бразилия Іскерлік комитетінің екінші отырысын талқылады.
Келіссөздердің күн тәртібінде іскерлік комитет отырысының қорытындысы бойынша анықталған бірлескен сауда-экономикалық және инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері де болды. Тараптар оларды жүзеге асыруға белсенді қатысуға келісті.
Ағымдағы жылы Қазақстан мен Бразилия арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толады.
Анықтама: Іскерлік комитет 2021 жылдың тамызында құрылған. ҚР-Бразилия Іскерлік кеңесінің бірінші отырысы 2021 жылғы желтоқсанда Бразилиа қаласында ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаровтың қатысуымен, екінші отырысы ағымдағы жылдың 13 сәуірінде Астана қаласында өтті. Қазақстан мен Бразилия арасындағы екіжақты тауар айналымы 2022 жылы екі есеге өсіп, 364,4 миллион долларды құрады (экспорт – 84,7 миллион доллар, импорт – 279,4 миллион доллар). Ағымдағы жылдың қаңтар-ақпан айларында өзара сауда көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 333% - ға өсіп, 58,9 млн. АҚШ доллары (Қазақстандық экспорт – 28,8 млн.доллар, Бразилиядан импорт – 30,2 млн. доллар).