Қазақстанның Оңтүстік Америкадағы Құрметті консулдарының тұрақты кездесулері

Қазақстанның Оңтүстік Америкадағы Құрметті консулдарының тұрақты кездесулері

Бразилиа, 2022 жылғы 3 қараша – Қазақстанның Оңтүстік Америка аймағымен саяси, сауда-экономикалық, академиялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын кеңейту мақсатында Қазақстан Республикасының Бразилия, Аргентина, Чили, Колумбия, Парагвай және Перудегі Құрметті консулдарының, сондай-ақ «Қазақстан – Бразилия» Сауда-Өнеркәсіп палатасы басшылығының қатысуымен жыл сайынғы конференция өтті.

Іс-шараны аша отырып, Қазақстан Елшісі Болат Нүсіпов жиналғандарды Бразилиямен, Аргентинамен және Чилимен дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығы аясында 2023 жылы ынтымақтастық жоспарларына назар аудара отырып, Қазақстанның өңірмен өзара іс-қимылының ағымдағы жай-күйімен және перспективаларымен таныстырды. Қазақстандық дипломат сондай-ақ Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде мемлекет пен қоғамды жүйелі жаңғырту жөніндегі саяси реформалары туралы айтып, қатысушыларды осы жылдың 20 қарашасында өтетін Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына дайындық барысымен таныстырды.

Өз кезегінде, «Қазақстан – Бразилия» Сауда-Өнеркәсіп палатасының президенті Кассиано Перейра Виана Қазақстанның Оңтүстік Америка елдері үшін өңірлік хаб ретіндегі мүмкіндіктерін жоғары бағалай отырып, өңір елдерімен сауда-экономикалық кооперацияны кеңейту жөніндегі жобаларды таныстырып, өзі басқаратын ұйымның жұмыс тәжірибесімен бөлісті. «KazTrade» Ұлттық компаниясы басшылығының Алғыс хаты үшін ризашылығын білдіре отырып, ол сауда және инвестициялар саласында қазақстандық тараппен тығыз және жемісті ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін мәлімдеді.

Қазақстанның Бразилиядағы Құрметті консулы Альтамир Осни Тейшейра, Парагвайдағы Билал Омейри және Перудегі Фредди Саравия Алматы қаласындағы Құрметті консулдардың III Конгресіне қатысуы туралы өз әсерлерімен бөлісіп, қазақстандық серіктестермен өткізген кездесулері туралы айтып берді.

Жалпы, жыл сайынғы есептерінде Қазақстанның Құрметті консулдары конференцияға қатысушыларды сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейту, сондай-ақ өз елдерінде Қазақстанның имиджін ілгерілету бойынша атқарылған жұмыстар туралы хабардар етті.