
Бразилия, 2022 жылғы 26 қазан – Қазақстанның Бразилиядағы Елшісі Болат Нүсіпов Бразилия сауда Конфедерациясының Президенті Жозе Роберто Тадроспен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Бразилия арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың ағымдағы мәртебесін талқылады және оның одан әрі дамуына қызығушылық білдірді. Әңгіме барысында екі елдің экспорттық тауарларының номенклатурасына қатысты ақпарат алмасылды және оны кеңейту бойынша ұсыныстар белгіленді.
Қазақстан Елшісі Болат Нүсіпов екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытудың үлкен әлеуетін атап өтіп, Конфедерация басшылығын 2021 жылы құрылған «QazIndustry» қазақстандық индустрия және экспорт орталығы мен Бразилияның Ұлттық өнеркәсіптік конфедерациясының тең төрағалығымен «Қазақстан-Бразилия» Іскерлік кеңесінің жұмысына қатысуға шақырды.
Өз кезегінде Жозе Роберто Тадрос Қазақстанның Орталық Азиядағы бразилиялық бизнес үшін өңірлік хаб ретіндегі мүмкіндіктерін жоғары бағалай отырып, аталған тетіктің құрылуы екіжақты экономикалық өзара іс-қимылдың барлық кешеніне қуатты серпін беруге мүмкіндік беретінін атап өтті, сондай-ақ ол қолда бар әлеуетті іске асыру үшін Бразилияның мүдделі компанияларын тартуға дайын екенін мәлімдеді.
Анықтама: тауарлар, қызметтер және туризм саудасының ұлттық конфедерациясы (CNC) Бразилияның қызмет көрсету секторындағы жоғары деңгейлі кәсіподақ ұйымы болып табылады.
1945 жылы 4 қыркүйекте құрылған ұйым 34 жұмыс берушілер Федерациясы (27 штат және 7 ұлттық) құрған конфедеративті кәсіподақ өкілдігі жүйесін (Sicomércio) үйлестіреді, олар өз кезегінде бүкіл Бразилия бойынша әртүрлі сауда сегменттерінен мыңнан астам кәсіподақтарды біріктіреді. Бұл ұйымдар бірге елде 25,5 миллион тікелей және ресми жұмыс орындарын құратын 5 миллионға жуық компанияны ұсынады.
Сонымен қатар, CNC әлемдегі ең ірі әлеуметтік даму жүйелерінің бірін басқарады: әлеуметтік сауда қызметі (SESC) және S жүйесі деп аталатын ұлттық коммерциялық оқыту қызметі (Senac).