
Сантьяго, 2022 жылғы 13 маусым – Жергілікті индустриялдық сектормен байланысты компаниялар мен кәсіподақтарды біріктіретін Чили өнеркәсіп Федерациясында (SOFOFA) 20 компанияның қатысуымен "Қазақстан мен Чили: ауыл шаруашылығындағы, майнинг пен логистикадағы кооперация мүмкіндіктері" инвестициялық және сауда ынтымақтастығы тақырыбында Қазақстан-Чили дөңгелек үстелі өтті.
Іс-шараны аша отырып, Қазақстанның Бразилиядағы, Аргентина мен Чилидегі қоса атқарушы Елшісі Болат Нүсіпов жиналғандарды Агроөнеркәсіптік кешен мен сауда, тау-кен өнеркәсібі мен логистикадағы өзара іс-қимылдың әлеуетіне назар аудара отырып, Қазақстанның Чилимен экономикалық ынтымақтастығының ағымдағы жай-күйі мен одан әрі даму перспективаларымен таныстырды.
"SOFOFA" өнеркәсіп Федерациясының саяси мәселелер жөніндегі директоры Родриго Мухика, өз кезегінде, Қазақстанның Чилимен екіжақты сауда-экономикалық өзара іс-қимылының әлеуетін жоғары бағалады және оны одан әрі кеңейту мақсатында бизнес-миссиялармен алмасуды ұсынды. Оның айтуынша, қазіргі уақытта екі елдің ресми органдары мен кәсіпкерлері деңгейінде байланыстарды арттыру үшін жақсы мүмкіндіктер бар.
"QazTrade" сауда саясатын дамыту орталығының басқарушы директоры Айбек Сағынаев Қазақстанның сауда-экономикалық және көлік-логистикалық әлеуетіне егжей-тегжейлі тоқталып, жергілікті нарыққа экспорттау үшін қазақстандық өнімдердің перспективалық тауарлық топтарын таныстырды.
Іс-шара барысында "KazakhInvest" ҰК өкілі Диана Аблякимова Қазақстанның инвестициялық саясаты туралы, инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша қабылданып жатқан шаралар мен әлеуетті инвесторлар үшін жаңа қолдау құралдары туралы хабардар етті, сондай-ақ Чили компаниялары үшін инвестициялық ұсыныстарды ұсынды.
Іс-шара соңында тауар айналымын және инвестициялық белсенділікті арттыру мақсатында Қазақстанның Чилимен бизнес кооперациясын кеңейтудің жаңа жолдары мен мүмкіндіктеріне қатысты пікір алмасу өтті.