Қазақстанның инвестициялық және сауда мүмкіндіктері Бразилияның басты өнеркәсіптік және сауда орталықтарының бірінде таныстырылды

Қазақстанның инвестициялық және сауда мүмкіндіктері Бразилияның басты өнеркәсіптік және сауда орталықтарының бірінде таныстырылды

Порту-Алегри, 2022 жылғы 23 мамыр – Бразилияның басты индустриялық және сауда орталықтарының бірі – Риу-Гранди-ду-Сул штатындағы (Порту-Алегри қ.) Өнеркәсіп федерациясында 30-дан астам Бразилиялық компаниялардың өкілдерінің қатысуымен "Қазақстан: сауда және инвестициялық мүмкіндіктер" презентациясы өтті.

Іс-шараны аша отырып, Қазақстан Республикасының Елшісі Болат Нүсіпов Атлант мұхитына шығу мүмкіндігі бар штаттың стратегиялық орналасуын ескере отырып, агроөнеркәсіптік кешен мен саудадағы өңіраралық өзара іс-қимыл әлеуетіне назар аударып, жиналғандарды Қазақстан мен Бразилияның экономикалық ынтымақтастығының ағымдағы жай-күйі мен одан әрі даму перспективаларымен таныстырды. Елші Риу-Гранди-ду-Сул компанияларын 2021 жылы "QazIndustry" қазақстандық индустрия және экспорт орталығы мен Бразилия ұлттық өнеркәсіптік конфедерациясының тең төрағалығымен құрылған "Қазақстан-Бразилия" Іскерлік кеңесінің жұмысына қосылуға шақырды.

Өз кезегінде, Бразилияның Қазақстандағы Елшісі Рубем Барбоса Нұр-Сұлтан қаласынан онлайн режимінде өңірлік деңгейде сауда-экономикалық өзара іс-қимылды орнатудың маңыздылығын атап өтті. Бразилиялық дипломат Бразилияның өнеркәсіптік және аграрлық аймағындағы алғашқы экономикалық конференция екіжақты ынтымақтастықтың барлық спектрін кеңейтіп, оның деңгейін арттырады деген үмітін білдірді.

Риу-Гранди-ду-Сул штатының Өнеркәсіп федерациясының Президенті Жилберто Петри өз кезегінде Қазақстанның өңірмен екіжақты сауда-экономикалық өзара іс-қимылының әлеуетін жоғары бағалады және оны одан әрі кеңейту мақсатында бизнес-миссиялармен алмасуды ұсынды. Оның айтуынша, қазіргі уақытта екі елдің ресми органдары мен кәсіпкерлері деңгейінде өңірлік байланыстарды арттыру үшін жақсы мүмкіндіктер бар.

"QazTrade" сауда саясатын дамыту Орталығының Басқарушы директоры Айбек Сағынаев Қазақстанның сауда-экономикалық және көлік-логистикалық әлеуетіне кеңінен тоқталды, сондай-ақ күкірт пен тыңайтқыштарды қоса алғанда, жергілікті нарыққа экспорттауға арналған қазақстандық өнімдердің перспективалық тауарлық топтарын таныстырды.

Іс-шара барысында "Kazakh Invest" ҰК өкілі Ғалымжан Матаев Қазақстанның инвестициялық саясаты туралы, инвестициялық климатты жақсарту бойынша қабылданып жатқан шаралар жайлы және әлеуетті инвесторларды қолдаудың жаңа құралдары туралы хабардар етті, сондай-ақ осы штаттың компанияларына инвестициялық ұсыныстарды жетізді.

Іс-шара соңында тауар айналымын және инвестициялық белсенділікті арттыру мақсатында Қазақстанның аймақпен іскерлік кооперациясын кеңейтудің жаңа жолдары мен мүмкіндіктеріне қатысты пікірталас пен пікір алмасу өтті.

Рио-Гранде-ду-Сул - Бразилияның тоғызыншы ірі штаты (штаттың ауданы Италияның ауданымен пара-пар), халқының саны 11,3 млн. адам. Штат жалпы ішкі өнім мен экспорт бойынша елде төртінші орында. Рио-Гранде-ду-Сулда  Оңтүстік Американың стратегиялық порттарының бірі орналасқан.