
Бразилиа, 2022 жылғы 5 мамыр – Қазақстан Республикасының Бразилиядағы Елшісі Болат Нүсіпов «Codemig» Минас-Жерайс штатының Экономикалық даму мемлекеттік компаниясының бас директоры Данте де Матоспен онлайн форматта кездесу өткізді.
Әңгімелесу барысында Қазақстан Елшісі сұхбаттасушыны еліміздің сауда-экономикалық, инвестициялық және транзиттік-көлік әлеуетімен егжей-тегжейлі таныстырып, ұзақ мерзімді өзара тиімді ынтымақтастықты жолға қоюға дайындығын атап өтті.
Компания басшылығы қазақстандық компаниялармен іскерлік байланыс орнатуға мүдделі екенін, сондай-ақ Белу-Оризонтиде Құрметті консулдық ашуға көмектесуге дайын екенін білдірді.
Анықтама: Codemig – аралас капиталы бар компания, Минас-Жерайс штатының жанама әкімшілігінде орналасқан. Companhia Brasileira de Metalurgia e Mineração (CBMM) бірлесіп құрылған Sociedade em Conta de Offering (SCP) бағдарламасына қатысу арқылы Codemig ниобийді барлаумен айналысады.