Бразилияда Наурыз мерекесі атап өтілді

Бразилияда Наурыз мерекесі атап өтілді

Бразилиа, 2022 жылғы 22 наурыз – Қазақстанның Бразилиядағы Елшілігінде Наурыз мерекесіне орай қабылдау өтті.

Іс-шараға Бразилияның сыртқы саяси ведомствосының өкілдері, мемлекеттік органдардың, жетекші Бразилиялық компаниялардың басшылары, сондай-ақ Наурыз мерекесін атап өтетін елдердің дипломатиялық өкілдіктерінің басшылары, сарапшылар, жергілікті журналистер мен бразилиялық телеарналардың өкілдері қатысты.

Қазақстан Республикасының Бразилия Федеративтік Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Болат Нүсіпов іс – шараны аша отырып, Наурыз Шығыста жаңа жылдың басталуын, табиғаттың жаңаруын және жаңа өмірдің басталуын бейнелейтін өте ежелгі және қастерлі мереке екенін атап өтті. Қазақстандық дипломат сондай-ақ дәстүрлі түрде бұл жарқын мереке бейбітшілікті, амандық пен өркендеуді атап өтетінін баяндады. Бұл күні адамдар бір-біріне жақсылық тілейді және бұрынғы барлық реніштерді кешіріп және татуласып, қайтадан дос бола бастайды. Б.Нүсіпов Қазақстан халқының бірлігі мен жалпыға ортақ ынтымағын атап өтіп, қабылдауға қатысушылардың барлығына амандық, бейбітшілік пен бақ-береке тіледі.

Бұл шара қазақ тілін дамыту, Қазақстанның мәдени мұрасын танымал ету, еліміздің Оңтүстік Америка аймағымен мәдени-гуманитарлық байланыстарын нығайту, дамыту және кеңейту мәселелерін талқылау үшін жақсы алаңға айналды.    

Қатысушыларға Қазақстанның табиғаты мен мәдени ерекшелігінің фотокөрмесі ұсынылды. Қонақтар Наурызды тойлауға байланысты салт-дәстүрлермен танысты.