Уругвай Сыртқы істер министрлігінде ынтымақтастық мәселелері талқыланды

Уругвай Сыртқы істер министрлігінде ынтымақтастық мәселелері талқыланды

Монтевидео, 2022 жылғы 17 наурыз – Қазақстанның Бразилиядағы Елшісі Болат Нүсіпов Уругвайға жұмыс сапары аясында Уругвай Сыртқы істер министрлігінің саяси мәселелер жөніндегі Бас директоры, Елші Рикардо Гонсалес Аренаспен екіжақты келіссөздер жүргізді.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Уругвай ынтымақтастығының екіжақты және көпжақты күн тәртібін талқылап, өз елдерінің халықаралық бастамаларын өзара қолдағаны және халықаралық ұйымдар аясындағы табысты өзара іс-қимыл үшін бір-біріне алғыс білдірді.

Кездесу қорытындысы бойынша екі жақты бағытта осы жылы екі елдің сыртқы істер министрліктері басшылығы деңгейінде тұрақты саяси консультациялар ұйымдастыру, сондай-ақ құқық және визалық мәселелері туралы екіжақты келісімдердің жобаларын келісу бойынша ішкі рәсімдерді жандандыру туралы келісімге қол жеткізілді. Сондай-ақ, Қазақстан Елшісі Қазақстан мен Уругвай арасындағы өзара сауданы ұлғайту және тауар номенклатурасын кеңейту бойынша тараптардың күш-жігерін жандандыруды ұсынды. Осы тұрғыда жақын арада екі елдің сауда-экономикалық миссияларын ұйымдастырудың практикалық маңыздылығы атап өтілді.

Қазақстандық дипломат әңгімелесушіні ел Президенті наурыз айындағы жолдауында жариялаған саяси, әкімшілік және әлеуметтік реформалар контекстіндегі Қазақстанның қазіргі дамуы туралы егжей-тегжейлі хабардар етті, сонымен қатар испан тіліндегі жолдау мәтінін табыс етті. Тараптар өз елшіліктері деңгейінде тұрақты жұмыс байланысын сақтауға, сондай-ақ өз елдері делегацияларының өзара сапарлары мүмкіндігін пысықтауға келісті.