
Буэнос-Айрес, 2021 жылғы 17 желтоқсан – Аргентинаға жұмыс сапары шеңберінде Қазақстан Республикасының Бразилиядағы Елшісі және Аргентинадағы қоса атқарушы Болат Нүсіпов саяси ынтымақтастық мәселелеріне жауапты Аргентина Сыртқы істер министрінің орынбасары Пабло Ансельмо Теттамантимен екіжақты келіссөздер өткізді.
Кездесу барысында Болат Нүсіпов сұхбаттасын Қазақстанның Тәуелсіздіктің 30 жылындағы негізгі жетістіктерімен және елімізде жүргізіліп жатқан реформалармен таныстырды. Тараптар Қазақстан мен Аргентина арасындағы ынтымақтастықтың ауқымды күн тәртібін талқылап, саяси диалогты одан әрі дамыту және сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың барлық әлеуетін іске асыру үшін барлық ықтимал күш-жігерді жұмсауға келісті. Елші Қазақстанның парламентаралық диалогты кеңейтуге мүдделі екенін атап өтіп, екі ел парламенттерінің екі палатасында тиісті Достық топтарын құруды ұсынды.
Бұдан басқа, тараптар халықаралық ұйымдар шеңберіндегі елдердің табысты ынтымақтастығын белгілеп, ЕАЭО-МЕРКОСУР форматы қоса алғанда, көпжақты алаңдардағы өзара іс-қимылды жандандырудың орындылығын атап өтті.
Өз кезегінде Пабло Теттаманти өз елінің Қазақстанмен екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың барлық салаларында белсенді өзара іс-қимыл жасауға дайындығын растап, Аргентинаның Қазақстандағы Елшісі ретіндегі (қоса атқарушы, Мәскеудегі резиденциясымен) жұмыс кезеңі туралы жылы лебізбен айтып, қазақстандықтарды Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтады.