
Бразилиа, 2021 жылғы 24 қараша – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаровтың Бразилия Федеративтік Республикасына жұмыс сапары аясында ағымдағы жылдың тамыз айында Қазақстан Елшілігінің бастамасымен «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы мен Бразилия Ұлттық өнеркәсіптік конфедерациясының (CNI) тең төрағалығымен құрылған Іскерлік комитеттің бірінші отырысы өткізілді.
Іс-шараны ашқан Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров Іскерлік комитеттің құрылуы екі ел арасындағы қарым-қатынас үшін тарихи оқиға екенін және қазақстандық және бразилиялық кәсіпкерлер арасындағы тікелей іскерлік байланыстар мен өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту арқылы екіжақты экономикалық байланыстарды кеңейтетінін атап өтті.
Қазақстанның Елшісі Болат Нүсіпов Қазақстан мен Бразилия арасындағы өзара тиімді сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытудың үлкен әлеуетін атап өтіп, Іскерлік комитетті құрудың өзектілігін растады және оның қызметіне Елшіліктің жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.
Шара барысында QazIndustry Басқарма Төрағасы Берік Бекенов Қазақстан мен Бразилия арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың қазіргі деңгейін жоғары бағалай отырып, екі елдің жетекші өнеркәсіптік кәсіпорындары кіретін Іскерлік комитеттің тауар айналымын арттыру мен инвестициялық ынтымақтастықты нығайтудың белсенді алаңы мен қуатты қозғаушы күшіне айналуы мүмкін екенін айтты. Бұл тұрғыда Оңтүстік Америкаға қазақстандық экспортты ілгерілету және біздің өңірге бразилиялық инвестицияларды тартудың өзекті қажеттілігі ерекше атап өтілді.
Өз кезегінде, CNI Президенті Робсон Брага де Андраде бұл тетіктің құрылуы екіжақты экономикалық өзара іс-қимылдың барлық ауқымына қуатты серпін беретінін айта отырып, бар әлеуетті іске асыру үшін барлық мүдделі жергілікті компанияларды тартуға дайын екенін мәлімдеді.
Гибридтік форматта өткен шараға екі елдің компаниялары, атап айтқанда, «Қазгеология», «Тау-кен Самұрық», ERG, KAZ Minerals, «Бәйтерек», «Kazakh Invest», «Qaztrade», Astana Bottlers, WEG, Bamin, JBS, BRF, FIESC, CNF және т.б.
«Qazindustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ – өнеркәсіпті дамытудың ұлттық үйлестірушісі, еңбек өнімділігін арттыру, технологиялық даму, жергілікті қамту және экспортты ілгерілету жөніндегі бірыңғай оператор.
Бразилия ұлттық өнеркәсіптік конфедерациясы (CNI) 1938 жылдан бастап 27 мемлекеттік мамандандырылған федерацияларды, 1280 кәсіподақтарды және 350 мың кәсіпорынды біріктіретін Бразилия өнеркәсібінің негізгі өкілі болып табылады.